24.11.2020, 16:29
Оқылды: 4

БҚО әкімі Ғали Есқалиев: «Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бірақ бейқам отыруға болмайды»

Қараша айының 16-21-і күндері облыста коронавирус індетіне қатысты 306 жағдай тіркелді. Оның ішінде емделушілердің 41 пайызы адамдармен қарым-қатынас кезінде жұқтырды. ЖРВИ белгісі бойынша жүгінген 108 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Науқастардың басым бөлігін зейнеткерлер құрап отыр. Коронавирусқа қарсы жедел штаб отырысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев қазіргі эпидахуал туралы көрсеткішті баяндады.

кор 4

Қараша айынан бастап мониторинг топтары 790 рейд жүргізіп, 6729 нысанды қамтыды. 91 нысанда бұзушылық анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 8 миллион теңгеден астам сомаға 145 әкімшілік хаттама толтырылды. Көпшілік шараларды өткізуге қатысты 59, маска тағу режимі ескерілмеуіне байланысты 45 дерек анықталды.

Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Шәрбану Искакова вирус инфекциясына қарсы дәрі-дәрмектің екі айға жеткілікті қоры бар екенін айтты. Оның мәліметіне сүйенсек, дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының шектен аспауын бақылау мақсатында қоғамдық мониторинг топтары тұрақты рейд жүргізуде.

Облыстық әкімдік тұрақтандыру қорын құрып, 422 млн. теңге көлемінде дәрі-дәрмектердің резервін қалыптастырды. Бұған қатысты «Ақжайық» ӘКК» АҚ мен ірі дистрибьюторлық компаниясы «Іңкәр» ЖШС арасында келісім жасалды. Бүгінгі күні «Іңкәр» ЖШС-ның Ақтөбедегі дәріхана қоймасына 92 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі келіп түсті, 115 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі жақын күндері келмек. Коронавирустық инфекцияға қажет барлық дәрі-дәрмек резервте бар. Сондай-ақ «Ақжайық» ӘКК» АҚ қорында бір рет қолданылатын 1 818 500 медициналық маска және дәріхана ұйымдарында 298 831 маска бар. Күнделікті мониторинг бойынша бір маска бағасы 22-ден 60 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Бүгінгі таңда маскалар бағасын 20-30 теңге аралығында төмендету бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Облыстық әкімдік «СК-Фармация» ЖШС-на құны 16 млн теңге болатын сегіз түрлі дәрі-дәрмек үшін өтінім жолдады.

Облыстық штаб отырысында БҚО ПД бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жанболат Жаншин коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері туралы баяндады.

кор 1

«Карантин режимі күшейтілген уақыттан бастап, яғни 8-23 қараша күндері барлығы 139 құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Соның ішінде мониторинг топтары 43 және полиция департаменті қызметкерлері 96 құқықбұзушылықты анықтады. Анықталған 139 құқықбұзушылықтың 19,4 пайызы мерекелік іс-шаралар өткізуге байланысты. Полиция департаменті және мониторинг топтары тарапынан атқарылған алдын алу жұмысына қарамастан, тұрғындардың көпшілік жиналатын шараларды ұйымдастыруы тыйылмай тұр», - деді Жанболат Жаншин.

кор 3

– Шығыс Қазақстан облысынан бастап басқа өңірлерде коронавируспен ауырғандар көп тіркелуде. Күніне 100 адамның вирус жұқтырғаны анықталуда. Шекаралас аймақтардың барлығынан індеттің таралуы қаупі орасан зор болып отыр. Ресейдегі және еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге нашарлауда. Карантиндік шектеулі шаралар жалғасады. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бірақ бейқам отыруға болмайды. Тұрғындар жаздағыдай сабылып кетпеуі үшін вирусқа қарсы дәрі-дәрмекті ерте сатып алып, дәріханалар қорына жинақтай беруіміз керек. Егер  коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша «қызыл аймаққа» кіретін болсақ, бизнес нысандарды жабуға мәжбүр боламыз. Сондықтан тұрғындардың санитарлық талапты қатаң сақтауы маңызды,  - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 

Н.Ғаппар,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале