24.11.2020, 16:52
Оқылды: 112

Тасқалалық кәсіпкерге ел риза

Көпшік тазалайтын аппарат

Тасқалалық Серік Латиев үнемі жаңашылдыққа ұмтылып жүретін еңбекқор азамат. Алғашында жеке салон ашып, қолына тарақ пен қайшы да ұстаған. Қандай кәсіптің түрін көрмеді десеңізші?! Бала кездегі табандылығы оны табысты болудың қыр-сырын жіті тануға үйретті. Қолы қалт еткенде еврожөндеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпкердің бұл жалғыз табыс көзі емес. Атырауда вахталық жұмыста істейтін ол бос уақытын тек еңбекке бағыштайды. Мол түсім беретін істің көзін тауып, сол бағытта жұмыстанатын кейіпкеріміз бүгінде халыққа пайдалы, ауданда көп таныла қоймаған кәсіпті бастауға ден қойды. Нәтиже де көз қызығарлық.

көпшік

Монша мен кір жуатын орын – сұранысқа ие

Алдымен сонау бір жылдары шағын несие алып, жеке монша ашқан азамат әлі сол жұмысын жандандырып келеді.

– Ең бастысы, тұтынушымен тіл табысуың керек, - дейді ол.

Онсыз ісің алға баспайды. Оның әр жұмыстың пайда берер тұсына көп мән беретін кәсіпкерлік қыры нағыз еңбек майданында қатайды. Бірте-бірте кір жуатын (ауыр қысқы киімдер, плед т.б.) машина алып, табысы еселене бастады. Іс сапарда жүрген немесе жұмыс барысымен осы ауданда еңбек ететін салт басты жігіттерге өте қолайлы қызмет түрі де дәулетін көтере түсті. Осы қызметі аудандық полиция бөлімінің уақытша еркіндікті шектеу изоляторындағыларға қолайлы боп, олар кәсіпкермен келісімшартқа отырған. Сондай-ақ, шекарашылар мен жеке адамдар да қысқы, өзге де қалың киім-кешектерін жуғызып алады. Онымен қоса, химиялық тазалау жұмыстары да көптің көңілінен шығуда. Кір жуатын орны мен моншасы да дамылсыз қызмет етіп келеді.

Мамық тазалайтын аппарат

Жақында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие рәсімдеп, көптен ойда жүрген ісін қолға алды. Ескі көпшіктің мамықтарын тазалайтын аппарат әкеліп, өзгеше жұмыс ырғағын қалыптастырды. Ғаламтор арқылы оның пайдасын, қанша табыс табу мүмкіндігі барын есептеген. Көкшетаулық кәсіпкерден сатып алған аппарат үздіксіз ауылдастарға қызмет етуде. Өзіндік қолтаңбасын үнемі әрлеп отыруға дағдыланған кәсіпкердің бұл жұмысына да сұраныс аз емес. Бастапқыда Орал қаласында тұратын осы істің майталманы Ирина Васильевнаны тауып, одан бұл бизнестің түрін меңгеріп алған Серікке жұбайы Бақыт та әрдайым көмекші. Ескі көпшіктері жаңарып қалған ауылдастар жайлы әңгіме бөлек. Әркімнің үйінен біраздан келе жатқан әбден тозығы жеткен жастықтар табылары хақ. Соны жап-жаңа түрге айналдыру кім-кімнің де қолайына жағатыны рас. Кәсіпкер су құстарының мамықтары жақсы көтерілетінін айтады. Атам заманғы жастықтардың тігісін сөккенде ішінен ағаш үгіндісі, құрт (кәдімгі жегі құрт) сынды керексіз дүниелер шыққан.

– Аппараттың ерекшелігі: құр тазалап қана қоймай, арнайы лампочкасы арқылы дезинфекция да жасайды. Тапсырысты алғанда көпшікті қымбат маталармен өзіміз тігіп, дайындап береміз. Тұтынушының талабын ескеріп, сапалы материалмен тігуге аса мән береміз. Артық ауыз әңгіме болмауы үшін тұтынушының көз алдында тазалаймыз. Негізі, евростандарт 60/70, одан әрі ортақ көпшіктер 65/65, 70/70, 80/50 сынды мөлшермен тігіледі. Тапсырыс берушілердің көптігінен алдын ала жазылу арқылы жұмыс жасап жатырмыз, -дейді Серік Ерболатұлы.

Сондай-ақ, округтерден келушілер саны көп болғандықтан, болашақта Серік өзге аудандарға да шығуды алдағы уақыт еншісіне қалдырып отыр. Кір жуатын орны мен моншасы да дамылсыз қызмет етуде. Көбі көпшіктің стандартты түрін жасатады екен. Сонымен қатар, кәсіпкер аудан орталығында тұратындарға тапсырысты үйлеріне тегін жеткізіп береді. Тысын (матаны) тігіп дайындап қойса, мамықты тазалау бар-жоғы 10-15 минутты алады екен. Нәтижелі жұмыс істейтін ерлі-зайыпты Серік пен Бақыттың қызметіне ауылдастары риза.

Салмақтарына қарай көпшік тазалау жұмысының құны да әртүрлі. 70/70 – 1800, 65/65 – 1700, 50/70 өлшемді көпшіктер – 1700.

– Қаз бен үйректікі жеңіл әрі одан қоқыс аз шығады. Ал тауықтың жүні ауыр, шығыны да көп. Яғни, су құстарынан жасалған көпшік жеңіл әрі ыңғайлы, - дейді кәсіпкер.

Бұл іске кірісерде кәсіпкерлерді қолдау қорынан қаржылай көмек алған Серіктің бұл төртінші несиесі.

– Бұрын кәсіп ашарда несие алу үшін құжат жинауда біраз қиындыққа кезіккен едім. 31 түрлі құжат жинайтынбыз. Қазір біраз жеңілдеген. Осы жолы облыстағы кәсіпкерлерді қолдау қорының мамандары менің жобама қызығушылық танытты, - дейді.

Кәсіпкерлікті қолдау қорынан осымен төртінші мәрте қаржылай қолдау көріп отырған кәсіпкердің ертеңге ұмтылысы жоғары.

IMG_7006

Арманы – клинингтік қызмет түрін ашу

– Еңбек еткенге жұмыс табылады ғой, - дейді кейіпкеріміз. Енді оны кілем, жиһаз тазалайтын клинингтік қызмет қызықтыруда. Болашақта клинингтік қызмет түрін қоса атқару ойында жүрген іс.

Бақыттың торттары тіл үйіреді

Жұбайы Бақыттың мамандығы – аспаз. Кейін БҚМУ-дың еңбек пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Тасқала колледжінде он бес жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ол студенттерге сабақ берумен қатар, тіл үйірер торт пісіріп, өзінің қиялын дамытып отырады. Қысқа мерзімді тігіншілік, шопырлық, аспаз-кондитер сынды курстарда оқып, біраз нәрсе үйренген.

Торт пісіргенде де қиялын шарықтатып, ерекше етіп пісіруді ұнатады. Бүгінде заманға сай онлайн шеберлік класын өткізеді. «Технологиялық нұсқау карталарының жинағы» атты кітапшасы қазақ тілінде жарық көріп, облыс, республика көлеміне таралған. Бос уақытында ілмекпен тоқуды жаны сүйеді. Қарапайым тәсілден бастап, біртіндеп күрделілендіре түсетін оның өрнектері айналасының қызығушылығын тудыруда. Кофта, юбка, бас киім т.б. тоқумен де айналысады. Ерлі-зайыпты Серік пен Бақыттың қолында ата-аналары бар. Ұл-қыздары өсіп келеді. Жақсылыққа ұмтылған бұл әулеттің ертеңге сенімі нық.

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале