24.11.2020, 18:39
Оқылды: 87

Тасқалаға 7 су құбыры тартылды

Еріктілердің еңбегі, қарапайым халыққа деген жанашыр пейілі жайлы қанша айтса да артық емес. Оралдық жігіттерден құралған қайырымдылық тобы «Ел құдығы» жобасы аясында облыстың 16 ауданындағы 100 отбасына су өткізуді қолға алған. Бұл Әсет Сұлтанұлының досы Талғат Чудобаевпен бірлескен жобасы.

3C6E28B4-44CE-4682-8861-D34F8D379346

Су – тіршілік көзі. Сусыз өмір сүрудің мүмкін емесі белгілі. Осы уақытқа дейін облыс орталығы мен бірқатар аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, ел алғысына бөленген еріктілер Тасқала ауданына да көмек қолын созды. Волонтерлар кей жанұялардың үйлеріне су құбырын тарттыруға көмектессе, кей ауылға құдық қазып беріп риясыз қуанышқа бөлеуде.

Елбасының «100 қадам алға!» бағдарламасы негізінде алғашқы қадамдарын Жымпиты ауданынан бастаған азаматтар жергілікті әкімдікпен бірлесе ауыз судан (тасып ішіп отырған) қиындық көріп отырған отбасыларға құдық қазып беруді Алла разылығы үшін атқарып келеді.

10083AAA-1A65-48B5-A936-38B64636239B

Әсет Сұлтанұлынан бұл идеяның қалай пайда болғанын сұрағанымызда:

– Африка елдеріндегі жағдайды көріп жүрміз. Су тапшылығы ғана емес, халықтың әлеуметтік ахуалы өте төмен. Содан соң «бізде де осындай жағдайлар бар ма екен?»деген ой бұл жобаның өмірге келуіне түрткі болғанын айтады.

Алдымен, жоғарыда айтып өткен Жымпиты ауданына екі құдық қойған. Таяуда жігіттер Тасқала ауданында да болып, Бірлік елді мекенінде жалғызбасты анаға құдықты екі мәрте қол күшімен, үшіншісінде техниканың көмегімен қазғанда, су шыққан. Сөйтіп, біздің ауданда жергілікті әкімдікпен бірлесіп, педагогтар пікірі мен ақсақалдар ақылына құлақ асып, ауыз су тапшылығын кешіп отырған жанұяларға су құбырын тарттырып берген. Бүгінде 7 отбасы осындай иманды азаматтардың арқасында ауыз су мәселесінен құтылған. Пандемия кезінде де осы азаматтар ауданымызға дәрі-дәрмек жібергенін айта кеткеніміз жөн.

Ізгі іске ұйытқы боп жүрген Әсет Сұлтанұлы - Орал қаласының тумасы. Педагог отбасында дүниеге келген. №44 мектептің түлегі. Мектепті жақсы аяқтап, БҚАТУ-ды қызыл дипломмен бітірген. Студент кезінде де «Жасыл ел» бағдарламасына деканатпен белсенді үлес қосқан. Бала кезінен спортпен айналысқан. Ұстаздар отбасында дүниеге келгесін бе, сәби күнінен адами құндылықтармен сусындап өскен. Өскенде құтқарушы, офицер болуды армандаған оның көңіл көкжиегінде сол кезден қайырымдылық, мейірім сынды қасиеттер ерте бүр жарған іспетті.

Жақсылыққа ынтызар жігіт 2008-2015 жылдар аралығында Ислам университетін бітірген.

– Қайырымдылық жасау арқылы мемлекеттік органдар мен халық арасында алтын көпір орнатуды көздедік. Алғашында бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы тараттық. Халық қолдады. Карантин кезінде «Мектепке жол» жобасында 120 оқушыны мектепке әзірледік. Сондай-ақ «Қысқы жол!» жобасымен аз қамтылған отбасы балаларына көмек қолын созудамыз. Әр елді мекенді аралап, «суды тасып ішіп отырған көмекке мұқтаж жандарға құдық сыйлаймыз» дегенде намыстанғандар болды. Сенімсіздік танытты. Бірақ кешке дейін бітіріп бергенде қуанып, толқып, тіпті көз жастарына ерік берген аналарды да көрдік. Дәрі таба алмай жылап тұрған бір әйел адамға да дәрі-дәрмек алып бергенде жылап жіберді. Өзіміз де толқыдық, – дейді Әсет.

56F339AA-AD73-426C-8650-CB759B07CBC9

Бұл азаматтардың Самара-Орал тас жолында үш газель дәрі-дәрмек алып келе жатқан кездерінде шекарада заттары тәркіленіп, айыппұл төлегені ел есінде болар. Артынша өз ақшаларын қайтарып алған. Ізгі жүректі жандарды Алла да қолдағаны сөзсіз.

Бүгінде Әсет көптеген жобалардың авторы. Талғат Чудобаевпен екеуінің бірлескен тағы екі-үш жобалары бар. Қайырымды жігіттердің еңбектері еш кетпей, облыс әкімінің «Үздік волонтер» номинациясымен марапатталған. 

Осындай азаматтар «Халық алғысына» лайық көрінеді.  

Гүлнар Тасболатқызы,

Тасқала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале