25.11.2020, 10:59
Оқылды: 49

«Жерді мақсатты пайдалана білсек...»

Қазіргі таңда қоғамның назарын аударып отырған мәселенің бірі – жер мәселесі. Халықтың көпшілігі жер алуға кезекте тұрса, енді бірі алған жерін игере алмай жатқаны мәлім. Бұл жөнінде «Казталов ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-сі басшысы Назар Аманғалиевпен сұқбаттасқан болатынбыз.

Жерди дурыс пайдалана билсек (3)

– Назар Сапарұлы, қазіргі таңда қоғамның қызығушылық танытатын тақырыбының бірі – жер мәселесі. Ауданымыз бойынша жер алудың жай-жапсарымен таныстырсаңыз?

– Биыл аудан көлемінде тұрғын үй салу үшін 38 жер учаскесі беріліп, игерілу үстінде. Тұрғын үй құрылысы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Жер учаскесін беру алдымен аудан әкімдігінің жанынан құрылған жер комиссиясында қаралып, шешім шығарылады. Жалпы жер учаскелерін пайдалануға беру ахуалы бірқалыпты.

Сонымен қатар аудан көлемінде тек Жалпақтал ауылы бойынша дайын алаңдар болмауына байланысты бүгінгі таңда тұрғын үй салу үшін 67 азамат (ша) жер кезегінде тұр. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Жалпақтал ауылынан құрылысқа арналған алаң бөлініп, 61 жер учаскесіне егжей-тегжейлі жоспар жасақталып, инженерлік-коммуникациялық желі тартылып жатыр.

Аудан орталығы Казталов ауылының солтүстік-шығыс бөлігінде тұрғын үй құрылысы үшін 2016 жылы 128 жер учаскесі дайындалып, аудан тұрғындарына беріле бастаған болатын. Күні бүгін дайын алаңда 70-ке жуық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, құрылыс әлі де жалғасуда.

Қалған елді мекендерде егжей-тегжейлі жобалау жоспарын алмастыратын схемалар болуына байланысты тұрғын үй салуға кедергі келтіретін мәселе жоқ.

– Ауданымызда бизнес саласының ілгерілеп келе жатқаны байқалады. Кәсіпкерлік нысандары мен шаруашылықтардың да саны артып келе жатыр. Сонымен қатар жеке кәсібін ашуға ниеттілер де бар. Осы орайда бизнес ашу мақсатында жерді пайдалануды заң тұрғысында түсіндіріп өтсеңіз?

– Бизнесті дамыту мақсатында құрылыс объектілерін салу үшін биыл Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабына сәйкес жалпы аумағы 6,9677 гектарды құрайтын 16 жер учаскесі саудасаттықа шығарылып, аукцион арқылы жалдау құқығы сатылды. Аукционнан түскен қаражат жергілікті бюджетке бағытталады.

Шаруашылықты дамыту мақсатында шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін Жер кодексінің 43-1 бабына сай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден жалпы аумағы 73047,0 гектарды құрайтын 117 жер учаскесі конкурс арқылы 10 жылға жалдау құқығымен шаруа қожалықтарына және жаңадан қожалық құрушыларға берілді.

Осы жылы жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбай отырған 16 шаруа қожалығының жалпы аумағы 9950,0 гектарды құрайтын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілуде. Бұл тұста ескеретін дүние, жер мақсатты пайдаланылса екен.

– Қазіргі уақытта ауданымыздың кейбір тұрғындары жерді пайдалану барысында өрт қауіпсіздігін назардан тыс қалдырып жататыны бар және жерді белгіленген аумақтан тыс иеленушілерді де көріп жүрміз. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

Жерди дурыс пайдалана билсек (1)

– Аудан тұрғындарынан елді мекен мақсатындағы жерде құрылыс объектілерін салған жағдайда, соның ішінде тұрғын үй салған кезде өрт қауіпсіздігін сақтау және «Казталов аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ-нен бас жоспарға сәйкес құрылысқа келісім алу сұралады. Сонымен қатар әр тұрғынға бөлініп берілген өз территориясы шегінен шығып, құрылыс нысандарын салуға, артық қоршауға тыйым салынады.

Бұл талаптарды сақтамаған жағдайда жер учаскесін өз бетінше пайдалану деп саналып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 75 және жеке кәсіпкерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

– Жер алу жөніндегі мемлекеттік қызметті қалай, қайдан алуға болады. Жалпы мұндай ақпараттар қарапайым халыққа қолжетімді ме?

– Қазіргі уақытта барлық ақпарат халыққа қолжетімді. Жер учаскесіне аукцион, конкурстар өткізу туралы хабарламалар жергілікті басылым – «Ауыл айнасы» газетіне, gosreestr.kz электронды порталында және zko.smartgeohab.kz порталында ашық жарияланады. Сонымен қатар жер кезегі Казталов ауданы әкімдігінің ресми интернет ресурсында жарияланып, тоқсан сайын жаңартылып отырады. Мемлекеттік қызмет көрсету бүгінгі таңда цифрландырылу үстінде. Аудан тұрғындары жер қатынастары бөліміне тікелей келмей, өтінішін «Электронды үкімет» порталы (еgov.kz) немесе күні кеше аудан орталығында ашылған «Ашық әкімдік алаңы» арқылы жолдап, кеңес ала алады.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале