Вирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында Бөрлі ауданы аумағында шұғыл жұмыс тобы өз жұмыстарын жалғастыруда. Мониторинг топ шектеу тәртіптерін түсіндіру жұмыстарын халық көп шоғырланған жерлерде жүргізеді.
Мониторинг топ тамыз айынан бүгінгі күнге дейін 1665 нысан тексеріліп, (кафе, дүкен т.б.) 31 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Аудан әкімінің орынбасары әрі мониторинг топтың жетекшісі Алпамыс Көшкінбаевтың айтуынша, белгіленген талаптарды сақтамай, карантиндік тәртіпті бұзғаны үшін кәсіпкерлік нысандар бойынша 5 миллион 499 мың 440 теңге айыппұл салынған.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қолға алынған қатаң шараларға қарамастан карантин режимін бұзып, туыстарын жинап, той жасап жатқан азаматтар саны да азаяр емес. Әсіресе сенбі-жексенбі күндері тойшыл қауымның қарасы көбейеді. Қала берді, аулаларына киіз үй құрып, той тойлап жүргендері қаншама? Осы ретте атап айтар болсақ, аудан орталығындағы «Жерұйық», «Трнава» мейрамханаларында осы жағдайлар қайталануда.
- Әрине, коронавирустың салдарынан табыстан қағылып отырғаны түсінікті. Бірақ әрқайсымыз адам денсаулығынан, өмірінен артық ештеңе жоқ екенін түсіну керекпіз. Біз әр рейд барысында өңірдің бас санитар-дәрігерінің қаулысын той иелеріне де, тойхана иелеріне де түсіндіріп келеміз. Алғаш рет той ұйымдастырғандарға ескерту беріледі, қайталағандарға 600 мың теңгеден аса айыппұл салынады. Тәртіп пен талапты сақтау үшін осындай қадамға баруға тура келді. Өйткені, адам, оның денсаулығы – еліміздің басты байлығы. Оған қауіп төндіруге ешкімнің құқы жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Қазір той тойлайтын уақыт емес» деген еді. Бірақ өкінішке орай, енгізілген шектеулерге қарамастан, 100-120 шамасында адамды қамтыған туған күн, үйлену, ұзату тойлары, мерейтойлар әлі де өткізіліп жатыр. Сонша қонақтың біреуі дертті болса, тойға келгендердің кем дегенде жартысына жұқтыратыны анық. Бұл денсаулығымызға қала берді, отбасымызға қауіп төндіреді. Азаматтардың денсаулығына мемлекет қана жауапты емес, өзіміз де жауаптымыз. Коронавирустың залалы алғашқы кезеңде-ақ басымызға қалай тиді? Соны ұмытпауымыз керек. Рас, үлкен тойға үйреніп алған жұртқа қиын болып тұр. Қазақ тойсыз отыра алмайтын халық десек те шыдау керек деп ойлаймын, - дейді Алпамыс Жаңабайұлы.
Сонымен қоса аудан орталығындағы кейбір букмекерлік кеңселердің де карантиндік тәртіпті сақтамай, жұмыс жүргізгендігі анықталған.
Әңгіме барысында Алпамыс Жаңабайұлы әрбір ауданға келуші, нақтырақ айтсақ, мәселен Ресей Федерациясынан аудан аумағына өтетін әр адамның ПЦР тестін тапсыруы қатаң бақылауда болатындығын айтты.
Айта кетейік, бүгінгі күні жұқпалы аурулар бөлімінде -10, ал карантиндік статционарда 19 науқас жатқызылған.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz