Аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Д.Абдрашитовтың төрағалығымен Шыңғырлау ауданын жанай өтетін Шымкент-Самара автожолын ақылы қызметке көшіру жобасының қоғамдық тыңдауы өтті.

Жиынға Орал қаласынан арнайы келген «ҚазАвтоЖол» АҚ директорының орынбасары Д.Мадиев, «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ж.Ғаббасов және «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның менеджері Б.Камалитден, инвестор өкілі өкілі У.Хамзе қатысты.

Тыңдау барысында 2021 жылдан бастап коммерциялық бағыттағы ауыр автокөліктерді ақылы жүргізу тәртібінің жоспары тыңдалды. Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттерде, көршілес ТМД елдерінде де үлкен күре жолдардың ауыр жүк көліктері үшін арнайы заңдылық шеңберінде ақылы түрге ауысуы кеңінен қолданылуда. Бұл орайда ескере жүретін нәрсе – Орал-Ақтөбе бағытында сапар шегуші жеке көлік иелері үшін жол тегін болмақ. Біздің ауданымыздың тұсынан өтетін осындай жолды ақылы ету мүмкіндігі туралы әңгіме қозғалған жиынға қатысушылар осы тақырыпқа алдағы уақытта да қайталап соғатын болады.
Аман Сағи,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz