Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу кезеңінде психологиялық сүйемелдеу» тақырыбында тікелей эфир өтті.
Ресурстық орталықтың кеңесші маманы Марзия Кунуспаева жүргізген эфир қонағы –аудандық аурухана психологы Юлия Яфарова болды. Карантин кезеңінде психологиялық тыныштықты сақтау жолдары жайында болған сұқбат барысында көрермендер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
- Әлемді алаңдатқан «COVID-19» инфекциясы халыққа, соның ішінде аудан тұрғындарына әр түрлі әсер етіп, эмоционалды күйзеліске әкеліп соққаны мәлім. Психотерапия және наркология ғылыми орталықтарының зерттеулері бойынша бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың 42 пайызы тұрақты мазасыздыққа шағымданып, 40 пайызы ұйқысыздықтан зардап шексе, пациенттердің 31 пайызы депрессияға ұшыраған. Сонымен қатар аймақта суицид фактісі де тіркелген. Осы ретте тұрғындарға психологиялық кеңес берумен қатар психологиялық дайындалудың маңызы зор, - дейді психолог.
Онлайн сұқбат барысында Юлия Яфарова салауатты өмір салтын сақтау және күйзеліске берілмеудің жолдары туралы кеңестерімен бөлісіп, психологиялық тұрақтылықты сақтаудың жолдарын түсіндірді. Маманның айтуынша, күйзеліске ұшыраған адамның тек жүйке жүйесі ғана емес, денсаулығы да нашарлайды екен. Сол себептен күзелісті жеңу үшін жалғыз қалмауға тырысып, жалған ақпаратқа сенбеуге, спортпен шұғылданып, таза ауада көп серуендеуге, өзінің сүйікті ісімен айналасуға кеңес берді.
Аружан Болатбекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz