27.11.2020, 12:18
Оқылды: 60

Кітап тақтан да қымбат

Кітап – рухани сарқылмас қазына. Кітап дегенде әр адамның түсінігі әр түрлі. Мысалы, біреулер ермек үшін оқыса, біреулер адам өміріңдегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы деп түсінеді. Білімнің қайнар бұлағы - кітап деп бекер айтпаған. Сондықтан да мұны адамзаттың баға жетпес құндылығы деп білеміз. Кітап оқу – миға жасалған жаттығу. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы кітапты көп оқудың арқасында бірнеше тілді меңгерді. Ал М.Горький болса «Мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын» деген. Ломоносов та жас шағында оқуға шамасы келмей, әбден есейген кезде оқыған. Сол секілді, кітап оқудың ерте-кеші жоқ.

 FB_IMG_1605012362010

Адамның ойын байытып, сауатын жоғарлатып, білім нәрімен сусындатар орта – кітапхана. Теректі төрінде де нағыз руханияттың ордасына айналған ұжым бар. Меңзеп отырғанымыз – Теректі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 34 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді екен. Соның ішінде аудандық кітапхана жанынан ашылған «Қазына» COWORKING және COWORKING KIDS ОРТАЛЫҒЫ, Подстепный модельді кітапхана жанынан ашылған «Жігер» коворкинг орталығы, Ақжайық ауылдық модельді кітапханасы және 30 ауылдық кітапхана болып жіктеледі. Бұл жөнінде бізге аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Римма Булатова мәлімдеді.

- Қазіргі таңда жүйе бойынша 544664 дана кітап қоры жинақталып, 19400 оқырманға кітапхана арқылы 406673  дана басылым беріліп, келушілер саны 131340-қа жетті. Осы уақытта әр түрлі сала бойынша 5648 дана жаңа әдебиеттер кітап қорына түсті. Теректі ОКЖ-нің штаты 117 қызметкерді  құрайды, оның  57-сі кітапхана мамандары.  Кітапханаларға қойлатын жаңа талап жаңа шараларды туғызады. Кітапханалық шаралар үнемі өсіп, өзгеріп, жетіліп отырады. Кітапханада өткізілетін библиографиялық шолулар, әр түрлі кештер, кездесулер, кітап талдаулары, диспуттармен қатар, мақсаттық бағдарламаларды да жүзеге асырудамыз. Туған жерді, ол елден шыққан ел мақтанышы – танымал тұлғаларды кеңінен насихаттауды жүйелі жүргізудеміз, - дейді өз сөзінде Римма Еркінқызы.

Қазақстандықтар үшін  2020 жыл – мерейтойларға толы жыл. Атаулы даталарға ауданның кітапханашылары да өз үлестерін қосып келеді.  Мысалы, жыл басынан бері аудандық балалар кітапханасының ұйымдастырумен Қ.Мырзалиевтің 85 жылдығына орай «Қазақ поэзиясының пырағы» атты поэзия кеші, «Абай шығармашылығы сурет беттерінде» аудандық байқауды ерекше атап өтуге болады.  8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Қазына» коворкинг орталығында «Ана деген – тіршіліктің тірегі» атты ауданның кәсіпкер әйелдерімен кездесу өтіп, теректілік нәзік жандылар бір серпіліп қалды.

Еліміздегі жағдайға байланысты Теректі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханалары онлайн және қашықтық жұмыс режиміне көшті. Алайда, аудан кітапханашылары қарқындарын жоғалтпады.  Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен онлай-сұхбат жоба жұмысы бастау алды. Жас ақын, «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси  газетінің директор-редакторы Әділет Әлібекұлымен, Теректі ауданының құрметті азаматы, аудан энциклопедиясының құрастырушысы, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Сағидолла Бисенғалиевпен, айтыскер ақын, ұлағатты ұстаз, филолог, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері Дариға Мұштановамен, журналист, «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Рауан Сәбитұлымен, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жерлес жазушы Бауыржан Ғұбайдуллинмен, өлкетанушы Сайлау Хамитұлымен онлайн-сұқбаттар өрбіп, халықтың ықыласына бөленді. Сонымен қатар, ауданның барлық кітапханалары «Әдеби Теректі», «Асыл мұра», «Жастардан жарқын іс», «Тақсай Ханшайымы-Возрожденная из пепла», «Балалар жанының бағбаны», «Көшбасшы бол!», «Вместе с книгой мы растем», «Professional», «Менің туған жерім», «Родной Алгабас»  секілді жобаларды қолға алған.

IMG-20201118-WA0105

Ия, жүйелі жұмыс жеңіске бастайтыны сөзсіз. Астана қаласында  өнер және мәдениет қызметкерлері арасында  өткен республикалық «Рухани қазына-2020» онлайн фестивалінде «Балаларға арналған үздік кітапханалық онлайн жоба»  аталымын аудан кітапханашылары еншілеп, барша  теректіліктер бөркін аспанға атып қуанды. Бұл – 2020 жылдың ең үлкен жетістігі болды. Сонымен бірге, Орынбор облыстық көпэтникалық балалар кітапханасы ұйымдастырған халықаралық «Жайық: таза жағалау – тату көршілік» байқауында кітапхана оқырмандары жүлделі 2 орын мен арнайы номинацияға ие болып, мерейімізді тасытты. «Абай – қазақ халқының алтын діңгегі» атты облыстық онлайн трибьютта Теректі аудандық балалар кітапханасының балалармен жұмыс әдіскері Төлеген Қайырғалиев «Ең үздік жас кітапханашы» номинациясын жеңіп алғанын да атап өткен жөн.

Кітапхана  – мәдениеттің ең ірі саласы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деп айтқан болатын. Президенттен асырып ештеңе айта алмаймыз. Былтыр ғана күрделі жөндеуден өтіп, іші-сырты жаңарған орталық кітапхана, жалпы аудан кітапханашылары алар асу әлі алда деп білеміз.

 

 Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале