2.12.2020, 12:54
Оқылды: 80

Ақжайықта жаңа білім ордасы бой көтерді

Ақжайық ауданы орталығының жұртшылығы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесінде зор қуаныштың куәсі болды. Биыл сәуір айының ортасында мектеп гимназиясының құрылысы басталған болатын. Былтыр ғана ашылғанына 25 жыл толған Абай атындағы мектеп гимназиясы ұстаздары мен оқушылары осылайша қуанышқа бөленді. Құрылыс жұмыстарының мердігері – «Алтим» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігі. Жоба құны 1 млрд 275 миллион теңгені құрайды. Үш қабатты білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

Ақ 6

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев аудан жұртшылығын, ұстаздар мен оқушыларды мерекемен құттықтады.

- Бүгін Сіздер үшін қуанышты, мерекелі де берекелі күн болып басталды. Тұңғыш Президент күні мейрамымен бірге Сіздер жаңа мектеп гимназиясының ашылуын көріп, қуанышқа бөленіп тұрсыздар. Жалпы, Ақжайық ауданында жасалып жатқан шаруалардың көбі оң нәтиже беруде. Табиғи газ құбырларының елді мекендерге жеткізілуі, таза судың тартылуы, жол құрылысының сәтті бастамалары жүзеге асуда.

Ақ 9

Бүгін міне, Абай атындағы мектеп гимназиясы су жаңа ғимаратқа қоныс аудармақ. Сіздердің бұл қуаныштарыңыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасының кемел тұлғасын айшықтайтын мереке құтты болсын, ағайын!

Ұлы Абайды ұлықтау жылында Абай атындағы білім ордасына жаңа, заманауи үлгідегі ғимараттың қолданысқа берілуімен шын жүректен құттықтаймын.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз жастардың тәрбиесін ұлтты Абайша сүюден, елдікті, мемлекетті қадірлеуден бастауымыз керек» деп атап көрсетті. Сондықтан ұлы ақын атындағы білім ордасы әрдайым алда болып, дарынды, қабілеті жоғары оқушыларды тәрбиелей берсін, мереке тағы да құтты болсын! – деді өңір басшысы.

Ақ т0

Одан соң мектеп алдына орналастырылған Абай Құнанбаевтың ескерткішін ашу рәсімі облыс әкімі Ғ.Нәжімеденұлы мен ардагер ұстаз Балым Хамзинаға ұсынылды.

Мектеп гимназиясының 11-сынып оқушылары ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Оқушы Талант Алдаберген Абайдың «Ғылым таппай, мақтанба» атты өлеңін оқып берді.

Ақ 1

Бүгінгі айтулы күні қол жеткізген қуанышқа себепкер болған жандарға, облыс, аудан басшылығына ұстаздар мен оқушылардың алғысын ардагер ұстаз Шәмшия Жиенбаева жеткізді.

- Сонау 1994 жылы алғаш гимназия ашылғанда ұстаздар болып, біріге еңбектеніп, ұжым болып қалыптасып кеттік. Содан бері қаншама дарынды, білімді шәкірттер шығып, республикамыздың түпкір-түкпірінде қызмет бабымен жүр. Шетелде білімін жалғастырып, кейін еліне келіп, еңбек майданын қыздырып жүргендерді көргенде ардагер ұстаздар мақтанышпен қарайды.

Бүгінгі таңда жас ұстаздармен толығып, білім ордасы жасарып жатқан уақытта міне, жаңа ғимарат салынып, қолданысқа берілуі – біз үшін де, жалпы ауыл-аймақ үшін де зор қуаныш. Тек елдегі жағдай оңалып, оқу тұрақты жалғассын деп тілеймін. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Жас ұстаздарға сәттілік, ардагер ұстаздар аман-есен болып, ұрпақ қызығын көре беріңіздер! - деді ардагер ұстаз.

Ақ 8

Су жаңа ғимараттың кілтін мектеп гимназиясының директоры Светлана Оразоваға мердігер «Алтим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Ағелеуов табыстады.

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев пен ардагер ұстаз Ж.Қажығалиев лента қию рәсімін жасаған соң, мектеп ішін аралап, білім ордасындағы заманауи жабдықталған кабинеттерді көрді.

Мектептегі 102 орындық асхана, 22 орындық оқырман залы, спорт залы, медициналық, оқу кабинеттері таныстырылды.

Айта кетерлігі, информатика кабинетінде оқушылар scratch бағдарламасымен копьютерде жұмыс жасайды, роботтар құрастырады.

Салтанатты шара аясында қолөнер, фотосурет көрмелері таныстырылып, білім ұясының түлегі Мейірбек Тәжқұрановтың фотокөрмесі тамашаланып, тамашалаушы тараптан оң бағасын алды.

Ақ 10

Жалпы қуаттылығы 300 орындық, 20 сынып комплектісінде кезекшілік сыныптарда 341 оқушы білім алады. Кең ғимараттағы спорт залы, мәжіліс залы, т.б. кабинеттер заманға сай жабдықталған. Мектепте 43 мұғалім сабақ береді, жалпы қызметкерлер саны - 97 адам. Мектеп жанында 100 орындық интернат жабдықталған. Онда 54 оқушы орналастырылған. Алдағы уақытта ауылдық жерлерден келіп оқитын оқушыларға басымдық берілмек.

Ғимараттың  ауданы 3,1 га болса, құрылыстың жалпы ауданы 0,2546 га.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале