Футболдан Бірінші Лига командалары арасындағы ел біріншілігінде облыс намысын қорғап жүрген «Ақжайық» футбол клубының ойыншылары Алексей Мальцев пен Руслан Хаиров бәйтеректік жас футболшылармен кездесті.

Биылғы біріншілікте қола жүлде еншілеген облысымыздың басты футбол командасы алдына Премьер лигаға шығу мақсатын қойып отыр.
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ұйымдастырған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов және жас футболшылар қатысты.
- Облыс намысын футбол бәсекелерінде абыроймен қорғап, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен талай қуантқан ойыншыларымыздың ауданға келгені атап өтерлік жайт. Өйткені футбол – бәйтеректік жастардың сүйікті ойыны. Сіздердей футболшылардың өмірі бүлдіршіндерімізге үлгі, ал команданың жеңісі қаумалаған жанкүйер қауымды үлкен қуанышқа бөлейді. Өздеріңізге және командаға алдағы уақытта үлкен жеңістерге жетуге тілектеспіз, - деді шара басында Е.Бисақаев.
Одан соң Ерікқали Ғұмарұлы ойыншыларға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар ұлттық құрама, ойыншылардың хоббиі, футболшы мансабындағы қызықты оқиғалар мен бүгінгі қазақ футболының жағдайы мен үздік ойыншылары жайында сұрақтарын қойды.

Алексей Мальцев пен Руслан Хаиров толық әрі нақты жауаптарын берді.
Сондай-ақ бар өмірін футболға арнаған теңбіл доп шеберлері 60 жылдан астам тарихы бар «Ақжайық» футбол клубында доп теуіп, күллі батыс өңірінің намысын арқалап алаңға шығу үлкен жауапкершілік және зор мақтаныш екенін де жеткізді.
Футболшы Руслан Хаировтың айтуынша, мұндай кездесулер тек жастар үшін ғана емес, шеберлер үшін де пайдалы екен. Өйткені маусым кезінде және маусымалды жаттығулар уақытында ойыншылардың мүлдем уақыты болмай, жанкүйер қауымның жанқайқайы жетпей қалады екен.

- Ұзақ маусымнан кейін бірнеше ай демаламыз. Осы кезде жанкүйерлермен кездесіп, өткен маусымды қорытындылап, алдағы мақсаттарды талқылап алған жөн.
Жас болса да бүгінгі кездесуге келген балалар – біздің жанкүйерлеріміз. Келер маусымда қаумалаған қалың елді жерге қаратпауға тырысамыз, - деді футболшы Р.Хаиров.
Кездесуден соң автограф сессиясы ұйымдастырылып, теңбіл доп шеберлері бүлдіршіндерге қолтаңбаларын берді. Кейін өткен шеберлік сағаты барысында бүлдіршіндер өздері үлгі тұтатын футболшылармен бірге жаттығу жасап, бар шеберліктерін көрсетуге тырысты.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz