Бұқаралық ақпарат құралдарында фото және бейнематериалдарды пайдалану үшін сайлау учаскесіндегі адамнан келісім талап етілмейді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Серік Сыдықов айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Серік Сыдықовтың айтуынша, сайлау уақытында жұмыс жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеке куәлігі мен редакцияның тапсырмасы ғана керек. «БАҚ туралы» Заңның 14-бабының 1-1-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарына материалдарды дайындау, жариялау, қайта шығару және тарату кезінде мынадай жағдайларда бейнеленетін адамның келісімі талап етілмейді:
- егер осы адам ойын-сауық мәдени-бұқаралық, мәдениет саласында әлеуметтік маңызы бар, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға және өзге де жария іс-шараларға қатысса немесе араласса;
- егер таратылатын ақпаратта адамның бейнесі және осы адамның қызметтік және жария қызметіне байланысты мәліметтер қамтылса, оны адамның өзі, оның заңды өкілі немесе уәкілетті адам қолжетімділігі шектелмеген көздерде жарияласа.
zhaikpress.kz