11.12.2020, 11:35
Оқылды: 328

Бірлігі бекем елдің тірлігі көркем

«Қоғалы көл, нар қамыс, қар үстінде от жанар» деп Шал ақын жырлағандай Жаңақала ауданы өңірімізге қамысымен таныс. Ауданның шекарасына кіре берістен жолдың екі жақ бетінде бетегей биік өскен қамысы бар. Оның үстіне даласы малға толы болса, баласы қолына қара домбыра алып күй шерткен. Оған алты алаштың абызы Әбіш Кекілбайұлының дуалы ауызынан шыққан «Жаңақала - күйдің астанасы»  деген сөзі дәлел. Қасиетті Қамыс Самар елі, жерұйығы Жаңақала жері күй алыптары Құрманғазы мен Динаның, ержүрек батыр Махамбеттің, төрт бірдей Кеңес Одағының батыры, 18 Социалистік еңбек ерінің және мемлекет қоғам қайраткерлерінің алтын ұясы. Ал ауданға қарасты Қызылоба ауылы Жаңақала ауданының кіре беріс қақпасы іспетті. Негізінен Қызылоба аудандағы дамуы ілгері, замана көшіне ілескен шаруашылықтарымен, бүгінге лайықты келбетімен ерекшеленетін ауылдық округтердің бірі.

0C91CE5F-30C9-40F7-8B6B-BE836286865E

Халқы да тұрақты түрде өсіп келеді. Іргетасының қаланғанына 50 жылдан асса да ежелден етене болған тату-тәтті тұрғындары, ауыз толтыра айтарлық жұмыстары тағы бар. Тарихы тағылымды тұлғалардың таудай Қызылобада ілкімді істері өте көп. Анау бір жылдары ұлттық қазыналарымыз жоқтаушысыз қалғанда тұқымы жоқ болып кете жаздаған «Көшім» жылқысының тұқымын да осы ауылдың азаматтары сақтап қалды. Қазір ауылдың тұрғындары мал басын асылдандыруға ниеттенген. Малдан келер пайданың дәмін сезген олар бүгінде бір-бір қожалық ашып, мемлекеттің жәрдемін көріп, ауылға да көмегін тигізіп келеді. Қызылоба ауылы берекесі мен ырысы артқан, ынтымағы жарасқан, әлеуметтің тұрмысы түлеген ауыл. Қызылобалықтар еңбекпен өрісін кеңейтіп, кәсібінен нәсіп тапқан. Төрде басы, төскейде малы қосылған шаруа жандар. Бүгінгі мақаламыз бірлігі бекем осы ауылдың бүгінгі тұрмысы туралы болмақ.

Ауыл тарихы сыр шертеді

Ауданның Солтүстік батысында орналасқан Қызылоба ауылдық округінің жалпы жер көлемі 225,1 мың гектар жерді құрайды. Ауыл тарихы 1963 жылы Пятимар совхозынан  бөлініп  «Красногор» қой совхозынан бастау алған. 1965-1972 жылдары шаруашылық Чапай ауданының құрамында болады, 1972 жылы «Красногор» қой совхозы Жаңақала ауданының қарамағана беріледі. Сонан соң 1976 жылы «Красногор» қой совхозы асыл тұқымды жылқы зауыты болып қайта құрылып, 1991 жылы шаруашылық «Исатай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналады. 1994 жылдан бері Қызылоба ауылдық округі болып аталып келеді.. 1963 жылы алғашқы совхоз директоры А.Л.Бондаренько болса, 1964 жылы Дауылбаев Горький, 1968 жылы   Кеңес Одағының  Батыры Е.Ш.Орақбаев, 1986-1991 жылдары Карменов Рашид, 1991-1992 жылдары Еркеғұлов Мәлік, 1992-1994 жылдары Бекмашев Наурыз, 1994-2005 жылдары Еслямғалиев Меңдеш, 2005-2010 жылдары Төлешов Hұржан, 2010-2020 жылдары Бердіғалиев Hұржан ауыл әкімінің қызметін атқарған. Қазіргі таңда 2020 жылдың қазан айынан бастап Мейрамбек Хайруллин Қызылоба ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқаруда.

Қызылоба ауылында бүгінгі таңда 1885 халық тұрады. Қазақы тірліктің қазаны қайнаған, талайдың  тамыры өніп, топырағында түлеген ауылда  66 шаруа қожалығы, 49 жеке кәсіпкер және одан бөлек 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Бүгінде өрісі төрт түлікке толы ауыл тұрғындарының мал шаруашылығына деген оң көзқарасы қуантады. Қазіргі таңда ауылдық округте - түйе 13 бас, жылқы 4267 бас, ірі қара 11161, 26327 қой-ешкі бар. Жастайынан ата кәсіпті жанына серік еткен ауыл тұрғындарының еңсесі биік, абыройы асқақ.

C0BC5A62-87B1-4663-8618-D501FEFFBF40

Ауылдың берекесі бірлігінде

- Осы ауылдың тумасымын. 2012 жылы мектепті бітірген соң, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан облыстық аграрлық университетіне ветеринариялық-санитария мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуды аяқтаған соң 2017 жылы ауылдық округте ветеринариялық пунктте мал дәрігері болып жұмысқа орналастым. Сол жерде бір жарым жылдай жұмыс жасап, 2019 жылдың ақпан айында мемлекеттік қызметке келдім. Осы жылдың қазан айында ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалдым. Ауылда атқарылып жатқан істер өте көп. Қазіргі таңда әрбір үйге құбыр арқылы су тартылып, ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Жанашыр азаматтар шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер спорттың дамуына үлесін қосса, енді бірі балабақшаның жанына балалар ойын алаңын салып, сыйға тартуда. Ауылдағы кәсіпкерлер өздерінің өскен өңіріне елдің қажеттілігіне жарар дүниелерді өздері жасап, игі істер атқарып келеді,-дейді Қызылоба ауылдық округі әкімінің м.у.а. М.Хайруллин.

Сөз соңы

Бірлігі бекем ауылдың берекесі артады. Ауылда атқарылған шаруа аз емес, іске ұңғыт, шаруаға бекем жан көп екені ауыл тірлігінен байқалады. Тәуелсіз еліміздің байлығы мен рухани қазынасын молайта түсуге күш-жігерін жұмылдырып келе жатқан ауылдың ажары айшықты. Себебі бірлік бар жерде, тірлік бар.

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала-Қызылоба-Жаңақала

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале