Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық көпбейінді балалар ауруханасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ресми түрде ашылды. Енді денсаулығында туа бітті ақауы бар балалар өзге өңірлерге шықпай-ақ облысымыздағы кешенді оңалту орталығында ем алуға қол жеткізді.
«Самұрық – Қазына» АҚ мен ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев қорының демеушілігімен Қазақстанның сегіз облысында оңалту орталықтары өз жұмысын бастады. Бір жыл бұрын қолға алынған «Ел үміті» және «Қамқорлық» жобаларының кеше өткен онлайн режімдегі тұсаукесеріне Елбасы Н.Назарбаев арнайы келіп, оңалту орталықтарының жұмысымен танысты. Ал өңіріміздегі салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, орталық қызметкерлері мен ем алушы балалар және «Ел үміті» жобасының жеңімпаздары қатысты.
– Құрметті жиынға қатысушылар! «Ел үміті» және «Қамқорлық» жалпыұлттық бастамаларының өкілдерімен бүгін кездесіп, жылы лебіздерін тыңдап отырғаныма өте қуаныштымын. Әр елдің өзіндік қастерлі мерекесі болады. Ол – мемлекеттің туған күні. Біз үшін бұл – Тәуелсіздік күні. Біз тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарынан бастап жастарымыздың бәсекеге қабілетті болуына айрықша мән беріп келеміз. Қазақстан дамыған елу елдің қатарына қосылды. Бұл қазір мемлекеттердің арасындағы жарыс емес, әр адамдардың арасындағы жарыс деуге болады. Заманға сай болсаң, әрдайым орныңды табасың, жұмысыңды жасап, өркендейсің, өсесің. Ол үшін ең алдымен жақсы білім керек. Алдағы уақытта осындай жұмыстарды жүргізуге бәріміз де ниетті болуымыз керек. Бұл ретте әлеуметтік лифттің тиімді жүйесін құру, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды, олардың отбасын қолдау, сапалы біліммен қамтамасыз ету, әрдайым мемлекеттің де, менің де назарымда бола бермек. Былтыр Жастар жылының аясында дарынды балаларды қолдау үшін «Ел үміті» бастамасын ұсынған болатынмын. Бұл жастардың қабілеттілігін, кәсібилігін дамытуға арналған жоба еді. Сонымен қатар біз тағы бір маңызды бастаманы, «Қамқорлық» жобасын, жүзеге асырдық. Біз ешкімді де өзектен теуіп, шетте қалдыруға қақымыз жоқ. Тағдыр тауқыметіне байланысты өмірлері қиын-дыққа душар болған балаларға қамқор болуымыз керек. Бүгін осы бастамалар-дың нәтижелерімен танысып, істеген ісімізді халыққа паш етіп отырмыз, – деді салтанатты жиында ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан кейін онлайн байланысқа шыққан Орал қаласының тұрғыны Мөлдір Темірғалиева Елбасына өзінің жүрекжарды алғысын жеткізді.
– Қайырлы күн, аса қадірлі Елбасы, құрметті қауым! Менің жасым 32-де, алты баланың анасымын. Алты баланың ішінде ерекше күтімді талап ететін бес жасар Осман есімді ұлым бар. Биыл ұйымдастырылған праймериздің қатысушысымын. «Бизнес – Бастау» арқылы өз кәсібімді бастап, грантқа ие болып, бүгінгі таңда тәттілерімді пісіріп, кәсібімді дөңгелетіп, нәсібімді тауып отырған аналардың қатарындамын. Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн деуге толық негіз бар. Біздің өлкемізде «ерекше» балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы қуанышты жағдай дер едім. Шынтуайтына келгенде, осы кезге дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан оңалту орталықтарына тап болу, оған жолдаманы алу үшін айлап емес, жылдап кезек күтуші едік. Ал бүгінгі таңда мүгедек балалары бар аналар үшін үлкен жаңалық болды. Біз секілді аналардың арманын орындап, мақсатына жеткізіп, мүгедек балаларды ескерусіз қалдырмай, зор қуанышқа бөлеп отырған сізге үлкен алғысымды айтамын, – деді Мөлдір Төлегенқызы.
Жиыннан кейін оңалту орталығының тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев бұл жобаны баласына ем іздеймін деп елді кезіп, көңілі құлазып, салы суға кеткен ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік екеніне баса тоқталды.
– Облыс деңгейінде оңалту орталығы ашылуы, түгелдей дерлік заманауи медициналық құралдармен жабдықталуы қуанышты жайт. Бұл – бұрын-соңды болмаған жоба. Осында жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балаларға емделуге мүмкіндік бар. Осы жерде отызға жуық жергілікті маман қызмет атқаратын болады, олардың барлығы да Нұр-Сұлтан қаласынан білім-біліктілігін жетілдіріп келді. Орталық толыққанды жұмыс жасауға дайын. Елбасы өзі атап өткендей, осындай орталықтар алдағы уақытта еліміздің әр облысында ашылатын болады. Бізге міндеттелген тапсырма – осы жердегі тәжірибені жетілдіріп, оңалту орталықтарын аудандарда ашуды жоспарлау. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады, – деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.
– Оңалту орталығы науқастарға ыңғай-лы болуы үшін бірінші қабатта жасақталды. Ем-шараны мүгедек балалар, тірекқимыл қозғалысында ақауы бар жеткін-шектер, туа бітті жүрек ақауларымен, жүйке жүйесі аруларымен дүниеге келген балалар ала алады. «Қамқорлық» орталығы Канада, АҚШ, Германия, Ресей секілді елдерден шығарылған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Құрал-жабдықтардың жалпы құны 175 млн. теңгені құрайды. Бұл «Самұрық – Қазына» қорының қаржылай демеушілігінің ар-қасында мүмкін болып отыр. Аталмыш орталықтың айына 50, жылына 600 науқасқа дейін қабылдау мүмкіндігі бар. Емдеу курсы 21 күнді құрайды. Орталық тренажерлік құрылғылармен емес, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, ойын залы және т.б. арнайы жасақталған емдеу бөлмелерімен жабдықталған. Ал аудан-ауылдан келген балалар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін стационар қызмет ететін болады, – дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі Жадыра Сәрсенғазиева.
Жалпы, еліміз бойынша ашылған оңалту орталықтарында балаларға невролог, реабилитолог, ортопед, ЕДШ дәрігері, педиатр, физиотерапевт, физикалық терапияның жеке бағдарламасы бойынша күнделікті сабақтары мен кеңестерін қарастыратын кешенді оңалту көрсетілетін болады. Логопедтердің, психологтардың, дефектологтар мен тифлопедагогтердің, дене шынықтыру бойынша нұсқаушы-лардың, еңбек, эрготерапия бойынша жеке кеңестері, физиотерапиялық емдеу (бассейн, магнитотерапия, парафинмен емдеу, бальнеотерапия, тұзды шахта және т.б.) қарастырылған. Сондай-ақ жаңа оңалту орталықтары мен инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұрған ауруханалардың, емханалардың және жалпы білім беретін мектептердің базасында ашылатын болады. Бүгінде «Қамқорлық» бағдарламасы аясында ҚР тұңғыш Президентінің қоры аталған орталықтарды ашу үшін мамандарды оқытуды және реабилитологтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруда. Ал «Самұрық – Қазына» АҚ компаниялар тобы барлық орталықты толық жарақтандыру мен жабдықтауды қамтамасыз етпек. Әр орталықта оқудан өткен, білікті 29 маман жұмыс істейді. Олар: реабилитологтар, неврологтар, психологтар, логопедтер, дефектологтер, эрготерапевттер, емдік-дене шынықтыру нұсқаушылары. Бұл ретте балалардың 30%-ға жуығы ауылдық жерден болады деп жоспарлануда.
Бұдан кейін ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасын іске асыру аясында ауыл оқушылары арасында өткізілген «Мың бала» ұлттық олимпиадасы және «Елбасы медалі» жобасының облыс бойынша жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Олимпиаданың І кезеңінде ауыл мектептерінен 9 мыңнан астам оқушы қатысып, қорытындысы бойынша 92 жеңімпаз іріктелді. Республикалық физика-математика мектебіне 6-сынып оқушыларынан үш оқушы, облыстық мамандандырылған мектептерге 18 оқушы оқуға қабылданды. Ал республикалық комиссияның шешімімен «Елбасы медаліне» 33 оқушы ие болды.
Барлық жүлдегерге «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорынан ноутбуктар табысталды.
Ләззат Шағатай,
zhaikpress