20.12.2020, 9:59
Оқылды: 47

Еліне еңбегі сіңген ер

Өмірдің қиын жағдайына түскен әрбір жанға демеу болатын тірек қажет. Мұндай тірек, әсіресе қариялар мен даму жағдайындағы ерекшеліктері бар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін маңызды. Бұл жандардың кейбірі өздеріне тіреуді жақын адамдары мен қоршаған ортасынан тапса, енді бірі қолдауды әлеуметтік көмек көрсететін мекемелерден іздейді. Бүгінгі мақаламызда аудандағы жалғызбасты қариялар, мүгедектерге елеулі қызмет атқарып жүрген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жалғызбасты қариялар мен мүгедектердің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімше меңгерушісі Айтболат Жылқыбаев туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Еліне еңбегі сіңген ер1

Айтболат Азмұратұлы 1958 жылы Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. Сол ауылда өсіп, 1975 жылы мектеп бітірген жас түлек оқуға түсе алмай, ауылында малшы болған. Алайда көп уақыт өтпей, яғни 1976 жылы жігері мұқалмаған жұмысшы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, инженер-гидротехник квалификациясын алған. Осылайша бітірген жылы жолдамамен Жаңақала ауданына жол тартқан. Мұнда 1981 жылы келген жас маман қыркүйек айынан бастап, Жаңақала аудандық су шаруашылық мекемесінде еңбек жолын бастады. Одан соң  Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 2005 жылдың желтоқсан айынан бастап үздіксіз күні бүгінге дейін жалғызбасты қариялар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Аудан тұрғындары мен ұжым қызметкерлердің арасында беделді, сыпайы, өткізілетін қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын тәжірибелі маман мүгедектерді жұмысқа орналастыруға және кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы адамдарға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ мүгедектерді қоғамға етене араластыру бағытында жыл сайын техникалық көмекші болып, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен және санаторлық-курорттық емделуіне жәрдемдесіп жүргені әмбеге аян.Білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен зейнеткер жары Баянсұлу Ақболатова екеуі екі қыз тәрбиелеп, құтты ұясына қондырған бақытты ата-ана. Қыздарының бірі анасының жолын қуып мұғалім атанса, екіншісі әкесінің саласында қызмет етуде.

- Мекеме қызметкерлері әр істі тиянақтылықпен жасайды әрі ұйымшыл. Жұмысын дұрыс жасаған адамға мұнда қызмет еткен жақсы. Жалпы, бұл мекеме де жұмыс жасау ауыр. Себебі психологиясы ауыр, мүгедектер мен жалғызбасты қариялармен тығыз байланыста боламыз. Жұмысым өзіме ұнайды, - дейді келесі жылы шілде айында зейнетке шығатын Айтболат Азмұратұлы.

Өз ісіне адал, білікті маман «Көру мүшесі зақымдалған» мүгедектер қоғамдық бірлестігі «Орал» корпорративтік қорымен Жаңақала ауданы бойынша бірінші топ мүгедектері мен мүгедек балаларға «Инватакси» қызметін іске қосып, бөлімінің жанынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту және спорттық бөлмелерінің ашылуына өз үлесін қосқан. Көп жылдан бері әлеуметтік салада тынымсыз еңбек етіп, осы жолда көп биік-белестерді өткерген білікті маман «Құрмет тақтасына» 2018 жылы енгізілген және бұдан басқа алғысхаттары мен дипломдарын иеленген.Әрқашан да осындай білікті басшы, сауатты маман өскелең ұрпаққа, жас қызметкерлерге үлгі.

Жаннұр БЕРІКҚЫЗЫ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале