20.12.2020, 20:08
Оқылды: 8

БҚО-да COVID-19 жұқпасы облыс орталығынан көп анықталуда

Желтоқсан айы басталғаннан бері өңірімізде коронавирус індетін жұқтырған 705 науқас анықталған. Оның ішінде 433 жағдай Орал қаласында, 102-сі Бөрлі, 84-і Бәйтерек ауданында тіркелген. Бұл деректер бүгін өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен короновирустың алдын алу жөніндегі облыстық штаб отырысында айтылды.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, қазіргі таңда «Сырым» (Самара облысымен шектеседі), «Тасқала» (Саратов), «Ақсай» (Орынбор) және «Жәнібек» (Волгоград) автоөткелдерінде санитарлық-карантиндік бақылау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Сонымен қатар «Орда», «Қазталов», «Шаған» автоөткелдері уақытша жабылған. Ал 1-20 желтоқсан аралығында мемлекеттік шекарадан 18542 адам өтсе, соның 3242-сі – жолаушылар. Анықтамасы жоқ 571 жолаушы карантиндік стационарға жатқызылып, төртеуінен індет белгілері анықталған. Жүк тасымалымен айналысатын 9313 жүргізушінің 6285-інде анықтамасы болған. Анықтамасы жоқ 3028 жүргізушінің жетеуінен індет анықталды. Ал 373 адамның шекарадан өтуіне рұқсат берілмеген.

Бас санитардың мәлімдеуінше, Ресей елінің 85 өңірінде дертке шалдыққандардың тәуліктік өсімі 28209-дан асқан. Соның ішінде Самара облысында тәулігіне 305, Орынборда 178, Саратовта 263, Волгоградта 276, Астраханда 182 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелген. Сонымен қатар көршілес Атырау облысының «қызыл аймаққа» кіргені мәлім.

Covid-19

Штаб отырысына қатысқан Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһардағы мониторингтік топтардың жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, желтоқсан айы басталғалы 49 тәртіп бұзушылық деректері анықталған. Олардың бесеуі қызмет көрсету кестесін сақтамаған болса, қалған 44 деректе жеке тұрғындар белгіленген тәртіпті бұзған. Ал алты мейрамхананың жұмысы сот шешімімен үш ай мерзімге тоқтатылған. Сондай-ақ жаңадан анықталған алты нысанның ісі сот қарауына жолданған.

-Өңіріміз жасыл аймақта екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Ресейдің көршілес облыстарындағы, іргелес Атырау өңіріндегі эпидахуалды көріп отырсыздар. Алда үлкен мерекелер келе жатыр. Сол мейрамдарды отбасымызда, өз дәрежесінде атап өтуіміз үшін сақтық шараларын еш әлсіретпеуіміз керек. Мониторингтік топтар да демалыс және мереке күндері белсенді жұмыс жасау керек,-деді штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале