21.12.2020, 17:53
Оқылды: 38

Пиротехникалық бұйымдар заңсыз сатылуда

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен онлайн жиында жаңажылдық мереке қарсаңында тұрғын үй секторы бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту мәселесі қозғалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы, подполковник Арман Тоқанов қауіпсіздік шаралары жөнінде баяндады.

1576821129_20171228020123

Оның берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында 605 төтенше жағдай тіркелді. Соның салдарынан сегіз адам қаза тапты, 47 адам зардап шекті. Материалдық шығын 138 млн теңгеден асты.

– Қазіргі уақытта пәтерлер мен жер үйлерде әртүрлі жанғыш және жарылғыш заттар, синтетикалық материалдар және тұрмыстық техникаларға байланысты өрт тұтану қаупі жоғары болып отыр. Адамдардың өмірі мен денсаулығына газ-ауа қоспасының жарылуы да орасан зиян тигізеді. 10 желтоқсан күні Орал қаласының Куличев көшесінде жеке үйде өрт болуы салдарынан 1953 және 2012 жылы туған екі адам қаза тапты. Үйде 1977 жылғы ер адам ауыр, 2016 жылғы қыз бала жеңіл дәрежелі уытты газға уланған. Өрт орнынан 27 литрлік газ баллоны шығарылды. Өрттің болжамды себебі – жылыту пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.

Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігіне азаматтардың өздері жауапты. Тұрмыстық өрттерді азайту тәсілдерінің бірі – қоғамда үгіт-насихат жұмысын кеңінен жүргізу, халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау. Үгіт-насихат жұмысы барысында департаменттің жеке құрамымен 58 мыңнан астам аула бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша 81 мыңнан астам ұсынымдар мен жадынамалар табыс етілді. Жаңажылдық іс-шаралар кезеңінде отшашуларды және өзге де пиротехникаларды дұрыс пайдаланбау кесірінен өрт пайда болуы мүмкін. Пиротехникаларды қолдану әр түрлі термиялық жарақаттар алу қаупі мен өрттің пайда болуын тудырады. Азаматтық қорғау құрылымдарының қызметкерлері полиция департаментімен бірлесіп өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер саудасын анықтау мақсатында рейд шараларын ұйымдастыруда. Бүгінгі күні пиротехникалық бұйымдарды рұқсатсыз сату орындары бойынша 21 рейд жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде үш тұрғынға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деді Арман Тоқанов.

Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале