Сырым ауданының орталығы Жымпитыда қысқы демалыс кешені ашылды.
Кешеннің басты сәні – алып сырғанақ. Биіктігі 8, ұзындығы 25 метрді құрайтын сырғанақ жолағының құрылымы – темірден. Еденіне, баспа табандарына және сақтандыру қоршауларына тақтайлар қағылған. Қауіпсіздік шараларына жауапты 2 нұсқаушы бар.
Коньки тебуді ұнататындар үшін сырғанақтың жанында мұз айдыны бар. Демалыс орынына сырғанауға арналған дөңгелектерді сүйреп, не коньки арқалап келудің қажеті жоқ. Бәрі осы жерде жалға беріледі. Келушілердің қалауына қарай ыстық шай мен кофе де дайын.
Демалыс нысаның иесі – жымпитылық Дәурен Жұматаев.
- Осындай демалыс орындары үшін артынып-тартынып қаланың басына барып жүрміз. Мен ауылдан салсам деп ойладым. Жеке қаражатыма жүзеге асырдым. Негізгі қонағымыз – балалар және олардың ата-аналары. Құрбы-құрдасын, дос, сыныптастарын ертіп жастар да жиі келеді. Болашақта осы кешенді жетілдіргім келеді, - дейді кәсіпкер.
Халыққа демалыс сыйлаған Дәурен өзінің жанұясы үшін жұмыс тауыпты. Қазір 3 адам кешеннің басында қызмет етуде. Демалыс орыны 14:00-ден – 22:00-ге дейін, ал демалыс күндері 11:00-ден – 22:00-ге дейін жұмыс жасайды.
Сырым ауданының бас шыршасы да осы кешеннің ауласына құрылып, кеше салтанатты түрде жағылды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz