24.12.2020, 17:22
Оқылды: 12

"Елдегі тұрақтылық – ол басымызға қонған бақ"

Өңірімізге сайлауалды үгіт-насихат тобымен келген республикалық сайлау штабының мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рахат Жақсыбай Орал шаһарындағы көпбейінді қалалық аурухана ұжымымен кездесті.

мед2

- Мен соңғы үш жылда еліміздегі «Болашақ» бағдарламасы аясында Англияда білім алған едім. Сол елде отбасыммен болған кезде байқағаным, өзіңнің немесе балаңның дене қызуың 37-38 градусқа жетіп, жедел жәрдемнің көмегіне сүйенсең, олар тек телефон арқылы кеңес берумен ғана шектеледі екен. Ол жақта әрине медициналық қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Бірақ қанша ақшаң болғанның өзінде үйге дәрігер шақырту оңай шаруа емес. Сол жағдайды көргенде біздің елдегі медициналық қызмет көрсетудің анағұрлым қолжетімді екеніне көз жеткіздім. Бүгінгі жұмыс сапарымызда осындай үлкен ұжыммен, өздеріңіз секілді ақ халатты абзал жандармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Жеке өзіме дәрігерлердің тынымсыз тірлігі жақсы таныс. Себебі аға-апаларым, жеңгелерім, достарымның көбі осы салада жұмыс жасайды. Биылғы елдегі пандемия дәрігерлер мен мұғалімдердің қоғамдағы ең қажетті мамандықтардың біре екендігін дәлелдеп бергендей. Әлемдегі короновирус індеті қай салаға болмасын өзінің теріс әсерін тигізді. Дегенмен, жоғарда аталған екі мамандықтың қадір-қасиетін шынайы түсінуге де өз септігін тигізе білді деп санаймын.

мед3

Бүгінгі күнге дейін Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Атырау секілді бірқатар өңірлерде болдық. Сол облыстарда өткен кездесулерде де ауқымды мәселелер көтерілді. Ол ұсыныс-пікірлер де алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының назарынан тыс қалмайды.

Биылғы сайлауалды үгіт-насихаттың өзі де өзгеше форматта өтуде. Бұрын халық лық толған залда екі-үш сағаттап өтетін кездесулердің орынын дәл осындай шағын басқосулар алмастырды.

мед4

Біздің бүгінгі басты мақсатымыз – өздеріңіз секілді мамандық иелерін бірлікке, тұрақтылыққа шақырып, алдағы сайлауда «Nur Otan» партиясына қолдау көрсетуге үгіттеу болып отыр.

Аталған партияның сайлауалды бағдарламасында да қарапайым халықтың сапалы өмір сүруі үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау жағы кеңінен қарастырылған. Сондықтан алдағы саяси науқанда өз таңдауларыңды жасап, «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырамын, - деді Рахат Жақсыбай.
Аурухана дәрігерлері алдында сөз алған Бекболат Қанайұлы ақ халатты абзал жандарға биылғы жылғы атқарған шексіз еңбектері үшін партияластары атынан алғыс айтты.
- Бүгінде әлем қиын жағдайды басынан өткеріп, дүниенің дидары бұзылып тұр десек, артық айтқандық болмас. Елді жайлаған індет кезінде әр адамның денсаулығы үшін күресіп, уақытпен санаспай еңбек еттіңдер. Уақыт өте бұл аты жаман аурудан да құтылармыз. Жалпы түйіткілді мәселелер ешқашан тауысылмайтыны да анық. Бірақ бүгінгі басты мәселе елдің тыныштығында болып тұр. Бұл сөзіме көршілес елдердегі жағдайлар куә. Осыдан отыз жыл бұрын дәл осындай ауруханалар, мектептер мен балабақшалар, жаңа алаңдар салынады деп ойладық па?

мед1

Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында жыл санап дамып келеміз. Хакім Абайдың «Адамдар тыныштық пен тұрақтылықты аңсайды. Бірақ, сол екеуі орнаған жағдайда кенеттен іштері пыса бастайтыны өкінішті» деген керемет сөзі бар. Кейде түрлі ақпараттарды оқып, көріп отырсаң, дәл осы жағдай біздің халқымыздың санасынан да орын ала бастаған секілді көрінеді. Елдегі тұрақтылық – ол басымызға қонған бақ. Сондықтан баға жетпес байлығымызды сақтай білуіміз керек. Әр ағымға, әр сөзге ілеспей, байыппен қарауымыз керек. Сол жағдайды үйде, дастархан басында ұл-қыздарымызға насихаттап отыруымыз қажет. Болашағымыздың жарқын болуы үшін алдағы саяси науқанға тегістей ат салысып, «Nur Otan» париясына және сол партияның атынан депутаттыққа түскен кандидатқа дауыс беруіміз керек, - деді Б.Тілеуханов.

 

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облысының

сайлау қоры қаражатынан төленді. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале