«БҚО Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ, облыстық кәсіподақтар орталығы және өңірдегі қоғамдық ұйымдар бірлесіп, партиялық емес байқаушылар штабын құрды. Оны құрудағы басты мақсат – 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген Қазақстан Республикасы мәслихаттары мен Парламенті Мәжілісі депутаттары сайлауының ашық, әділ өтуіне бақылау жасау.
«БҚО Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ-ның жанындағы партиялық емес байқаушылар штабының өкілі Светлана Тенишеваның айтуынша, штаб сайлау үрдісін бақылайтын байқаушыларды даярлау бағытында жұмыстануда. Аталмыш қауымдастықтан сайлауды бақылауға 491 байқаушы қатысады.
«Бүгінде байқаушы болатын қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне, белсенді азаматтарға семинарлар, тренингтер өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – біздің негізгі міндетіміз. Облыстағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері ретінде біз де – қоғамның белсенді азаматтарымыз. Маңызды күнде өзіміздің айқын белсенділігімізді көрсетеміз. БҚО Азаматтық альянс қауымдастығы сайлау учаскелеріндегі үрдісті бақылауға рұқсат беретін құжатты алды», - деді С.Тенишева. Спикер аудандардағы партиялық емес байқаушылармен байланыс барын айтты.
Брифингте Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова биылғы 9 қарашада ҚР Кәсіподақтар Федерациясының алдағы сайлауда кәсіподақтардың байқаушы ретінде қатысатындығын мәлімдегеніне тоқталды. Кәсіподақтар жанынан республикалық және аймақтық сайлау штабтары құрылып, байқаушыларды оқытып, даярлау жұмыстарын жүргізуде.
- Биылғы 4 желтоқсанда облыстық кәсіподақтар орталығы жанынан байқаушылар штабы ашылды. Өңір бойынша 100 (70 қалалық, 30 ауыл, аудандық) сайлау учаскелерінде кәсіподақтар ұйымдарынан 154 адам байқаушы болып қатыспақ. Алдағы міндеттерге тоқталсам, алдымен – байқаушы еріктілерді оқыту. Саяси науқан барысында жұмыскерлерге жұмыс берушілер қысым көрсетпеуін түсіндіру мақсатындағы жұмыс берушілермен кездесулер өткізіледі. Қысым көрсеткен жағдайда қоңырау шалатын телефон нөмірі бар парақшалар дайындалды. Өңірдегі үш саяси партия филиалы өкілдерімен кзедесіп, осы сайлауда байқаушы болатынымызды жеткіздік.
«БҚО Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ және өзге де серіктестерімізбен бірге сайлаудың өтуіне бақылау жасаймыз. Біздің мақсатымыз – ашықтық, мөлдірлік және тәуелсіздік, - деді Айгүл Есекенова.
«Нұр» балалар үйі түлектері одағы қоғамдық ұйымының өкілі, өңірлік партиялық емес байқаушылар штабының жетекшісі Артур Франктің айтуынша, байқаушылар қатары айқындалған. Қазіргі уақытта оларды оқыту жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік кітапшалар берілуде. Өңірдегі саяси партиялардың филиалдарымен, үміткерлермен кездесулер ұйымдастырылуда. Бір сөзбен айтқанда сайлауға дайындық қызған. Штаб жұмысы барысында мәселелер ортақ талқыға салынады.
«Біздің байқаушыларымыз ешбір партияның мүшесі емес, сондықтан біздің бақылауымыз азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың саяси науқанда сайлаушы әрі бақылаушы болып қатысып, өз еріктері мен қалауларын білдіретінін көрсетеді», - деді Артур Франк.
Светлана Тенишева сайлау туралы алғаш айтыла бастаған кезде қоғамдағы кейбір азаматтардың «Сайлауға бармаймыз», «Ол неге керек?» деген дауыстары естілгендерін, ал қазір керісінше штабқа қоңырау шалушылардың көптігі, жалпы кездесулер барысындағы қарапайым тұрғындардың белсенділігі қуантатынын айтты.
Партиялық емес байқаушылар штабы Орал қаласындағы Н.Назарбаев даңғылы 184/1 мекенжайындағы 4-қабаттағы 445-кабинетте орналасқан.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz