25.12.2020, 10:56
Оқылды: 63

Мәртебеңіз құтты болсын!

ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы жанындағы «Ағайын» этномәдени бірлестігінің төрағасы, «Шапағат» және «Ыбырай Алтынсарин» медальдарының иегері Мақсот Берген жақында Орал қалалық мәслихатының шешімімен «Орал қаласының құрметті  азаматы»  мәртебесіне ие болды.

 мақ1

Мақсот Берген – ұлттық құндылықтарымызды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етуде игілікті істердің басы-қасында жүрген танымал тұлға. Ол құрылғанына аса көп уақыт өте қоймаса да, өзі жетекшілік ететін «Ағайын» этномәдени бірлестігі арқылы ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, қазақы тәлім-тәрбиені насихаттауға бағытталған іс-шаралардың ұйытқысы болып  жүр.

Мақсот Қабышұлы біраз жыл Орал қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, облыс орталығында мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюіне, ономастикалық саясаттың Тәуелсіздік талаптарына сай жүруіне ерен еңбек сіңірді. Ол 2012 жылдан бастап Орал қалалық мәслихатының үш шақырылымындағы депутаты болған кезде де осы ұстанымынан айныған жоқ.

Мақсот ағай Қадыр Мырза Әли атындағы республикалық қоғамдық қордың біздің өңірдегі филиалының төрағасы ретінде жас ұрпақтың санасына жалпы адамзаттық қағидалар мен ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, әдебиет әлеміне терең бойлауына белсенді атсалысып келеді. Өзі туып-өскен ауыл-аймағына әр кез қарайласып жүретін қоғам қайраткері Сырым ауданының екі түлегінің «Мақсат» медициналық колледжінде білім алуына мүмкіндік жасады. Мақсот Қабышұлы жыл сайын облыстық «Орал өңірі» газетіне жазылу науқанында газет таралымын арттыруға да айтулы ықпал етіп келеді. Қай кезде де қоғамдағы өзгерістерге азаматтық үнін қосып, жақсылық пен жаңалықтың жаршысы болып жүрген газет жанашыры Мақсот ағамызды мәртебелі марапатымен құттықтай отырып, деніне саулық, әулетіне амандық тілейміз!

Ел-жұртыңызбен бірге көретін жақсылығыңыз көп болсын, аға!

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале