Шыңғырлау ауданына қарасты Ақшат ауылында көп жылдар бойы ауылдық аурухананың меңгерушісі болып еңбек еткен, бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болған, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған Макар Байкатовпен әңгімелесудің өзі – ғанибет.
Өмірінің сан жылдарын адам денсаулығын сақтап қалуға арнаған, үнемі ізденісте жүретін, жас мамандардың тәлімгері болып танылған Макар Есенұлы өзі таңдаған мамандыққа адалдықтың үлгісін көрсетіп келді.
Еңбек ардагері Үкіметіміз бен «Nur Otan» партиясының медицина саласына қолдау көрсетіп, дәрігерлерді ынталандыру мақсатында еңбекақыларын көтеріп отыруға бағытталған шараларын ризашылықпен мақұлдайды.
Білікті дәрігерге арнайы көрісе барып, әңгіме тізгінін алдағы сайлау төңірегіне бағыттаған облыстық мәслихат депутаттығына үміткер М.Байжановтың сенімді өкілі Мұрат Бекжанов, аудандық мәслихатқа кандидат Светлана Байтенова партияның сайлауалды бағдарламасындағы ауданды дамытуға арналған 7 басым бағыт туралы іс-шаралар жобасы төңіргіндегі ой-пікіріне назар салды.
- Партияның сайлауалды бағдарламасы көңілге қонымды. Бүгінгідей ахуал қалыптасып отырған шақта ұлт денсаулығы, ана мен бала денсаулығы, қауіпсіздігі бірінші кезектегі мәселе болып табылады. Мені бағдарламадағы 2025 жылға дейін аудандағы 9 ауылда күрделі жөндеу жүргізуге және медициналық мекемелердің құрылысына қол жеткізу, 2022 жылы Ардақ ауылында медициналық пунктін салу, 2025 жылы Ащысай, Қайыңды, Қызылкөл, Ұрысай, Ақсоғым, Жаңакүш ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысын бастау, 2025 жылы Аққұдық және Сегізсай ауылдарында медициналық пункттерді күрделі жөндеуден өткізу сынды шаралар легінің қолға алынбағы қуантып отыр.
Шыны керек, нарықтық кезең тұсында аталмыш нысандардың бәрі де қалыпты жағдайда жұмыс істеген-ді. Енді олардың халыққа қажеттілігі қатты сезіліп отырған шақта олқы тұсқа партияның назар аударуы кім-кімнің де ертеңгі күнге деген сенімін бекіте түсері анық, - дейді ардагер дәрігер.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz