23 желтоқсан күні өткен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры БҚО филиалының басшысы Әсет Тілемісов мембағдарламалар шеңберінде бизнес өкілдеріне көрсетілген қолдаулар жөнінде баяндады.
Жыл басынан бері облысымызда екінші деңгейлі банктердегі лизингтік операцияларды субсидиялау құралы бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 63,25 млрд теңге көлемінде 227 жобаға қолдау көрсетілді. Былтырғымен салыстырғанда өсім 85%-ды құрағанын баяндаған спикердің сөзіне қарағанда кепілдеме құралы бойынша жалпы сомасы 7,5 млрд теңгенің 656 жобасына қолдау көрсетілген. Осы жылы несие сомасы 10,1 млрд теңге болатын 236 жобаға кепілдік келісімшарттарына қол қойылыпты. Кепілдіктер сомасы 2,3 млрд теңге мөлшерінде. Өткен жылға (92 жоба) қарағанда кепілдендірілген жобалар 256%-ға көп.
– Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде салалық шектеу қойылмайтын микро және шағын бизнесті субсидиялау және кепілдендіру құралдары іске қосылды. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 17,5%-дан аспауы керек, оның 6%-ын кәсіпкер өзі төлейді, 11,5%ын мемлекет өтейді. Бір қарыз алушыға несиелік лимит 20 миллион теңгеге, оның ішінде айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін қарастылған. Қаржыландыру «Даму» қорының кепілдігімен несие сомасының 85% мөлшерінде кәсіпкердің қызмет ету мерзіміне қарамастан жүзеге асырылады. Бұл құралдың ерекшелігі – банк несие берумен қатар субсидиялар мен кепілдіктер туралы шешімді «Дамудың» қатысуынсыз өз жауапкершілігімен қабылдайды. Бұл микробизнес жобаларын қаржыландыру процесін айтарлықтай жеңілдетеді және жеделдетеді. 20 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста жалпы сомасы 787 млн теңге болатын портфельдік субсидиялар мен кепілдемелерді қолдана отырып, 173 жоба қаржыландырылды.
Мәди Ықылас,
zhaikpress.kz