"Nur Otan" партиясының облыстық мәслихаты депутаттығына үміткерлер Алихан Досмұхамбетов пен Алтынбек Ермекқалиев Бірлік және С.Меңдешев атындағы ауылдық округіне іссапармен барып, тұрғындармен жүздесті.
Сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, алдағы уақытта іске асатын жұмыстарға тоқталды.
Бірлік ауылындағы кездесуде сөз алған А.Декартұлы: «Бәріңіз білесіздер, биылғы сайлаудың ерекшелігі – праймериз. Өз бағымды сынайын деп праймеризге де қатыстым. Дауыс берушілер сенім артып, алдыңғы қатардан көріндім. Ауданымызда, оған қарайтын ауылдық округтерде бірқатар шешімін таппаған істер бар. Алдағы уақытта облыстық мәслихат депутаттығына сайланатын болсам, ауыл халқының мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізетін боламын. Осы кезге дейін "Nur Otan" партиясының істеген игі бастамалары өте көп. Солардың жалғасын табуы үшін бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын, - деді.
Кездесуге қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстары мен пікірлерін айтты.
Ал, С.Меңдешев атындағы кездесуде Алтынбек Ермекқалиев: «Баспасөз саласында 5 жылдан астам уақыт қызмет жасап келемін. Қазіргі таңда аудандық "Жаңарған өңір" қоғамдық-саяси газетінің бас редакторымын. Газет көтерген мәселе ескерусіз қалған емес. Осыған дейін ауылдық округтердегі бірқатар мәселелер аудандық газетте көтеріліп, шешімін тапты. Жастық жігерімді салып, келер жылы да елдің мәселелерін баспасөз бетінде көтеріп, оның орындалуына ықпал жасағым келеді. Сол себепті "Nur Otan" партиясына дауыс беріңіздер. Біз сенімдеріңізді ақтауға әзірміз, - деді.
Ауыл тұрғындары көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Кездесу соңында "Nur Otan" партиясының бағдарламасы жазылған үнпарақтар таратылды.
Жанайдар Жұмағұлов,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz