Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева бастаған топ өрт құшағынан бауырларын аман алып шыққан Дана Өтебаеваның шаңырағына арнайы барып, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның аманатын табыс етті.
Ақын Ақұштап Бақтыгереева: «Айналайын Дана! Сенің анаңнан айырылып, басыңнан ауыр күндерді өткізіп жатқаныңды естіп, қабырғам қайысып отыр. Ең жақын жанның мейірім шуағына бөленіп, еркелеп жүрер шағыңда тағдыр осылайша сынаған екен. Бастысы, сынып кетпе!
Өмір деген осы, қызым. Бақытты сәттерден ғана тұрмайды. «Өлмектің артынан өлмек жоқ» деген сөз қалған бұрынғыдан. Анаңның аруағы үшін, бауырларыңның жарқын болашағы үшін өмір сүруді жалғастыр. Жаныңды ұқпаған, қажет кезде қасыңнан табылмаған жандарды жазғыра көрме. Жүрегің мұздамасын, Дана! Адамдардың жақсылығын ғана жадыңда ұстап, қателіктерін көңіліңе алмауды үйренуің керек. Ересек өмірге қадам дәл осындай бетбұрыстардан басталады. Қазір нағашы әжеңнің жаныңда екеніңнен хабардармын. Үлкен кісі ғой, көңіліне демеу, жанына жұбаныш болуға тырыс. Сабағыңа мұқият бол. Алла бұйыртса, сынақтан сүрінбей өтеріңе сенемін. Жоғары оқу орнын таңдап, Оралға келер болсаң, жанашыр апаң ретінде қолымнан келген көмегімді көрсетуге әзірмін. Мен бастық та, бай да емеспін. Бірақ жаны шырылдап жалғыз қалған қазақтың бір шынашақтай қызына қамқор бола аламын, Алла ғұмыр берсе.
Қызым, болашағың өз қолыңда. Алдағы күндерің арайлы болсын десең, өз-өзіңді қолыңа ал, мықты бол! Ғұмыры келте қайырылған анаңның арманын жалғап, болашақта бауырларың үлгі алар адам болғайсың, - деп батасын беріп, ақ жарма тілегін жолдады.
Сонымен бірге Данаға заманауи планшетті де жолдаған екен. Дәл қазір қашықтан оқып жатқан Дана үшін бұл да үлкен тарту болды.
Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 27 қазанында тұрғын үйден өрт шығып, Дана үш бірдей бауырын қызыл жалыннан алып шыққан еді. Өкінішке қарай осы өртте Дананың анасы қайтыс болды. Сын сағатта ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Дана Өтебаева ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz