6.01.2021, 14:29
Оқылды: 52

Теректінің Алғабасы көгілдір отынға қосылды

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні Теректі ауданы Богданов ауылдық округінің Алғабас ауылына жолымыз түсті.

 f85b65cd-f0de-42f5-a54d-f7785da97dff

Алпыс шақты түтін, жүз елудей халқы бар Алғабасқа баруға жақсы хабар себеп болды.

Өткен жылы қараша айында Богдановка ауылына таза су мен көгілдір отын құбыры жеткендігін «сүйіншілеп» жеткізген болатынбыз. Газ келуін күтіп, дайын отырған богдановкалықтар қазір табиғи отын желісіне жаппай қосылып жатыр. Ауылдағы 142 үйдің 94-нің иесі газ кіргізуге келісім шарт жасасып тастаған. Нақты 87 үй көгілдір отын рахатын көріп отыр.

Ауылда жеке үйлерге газ тартуға келісім шарт жасаған «Экодаши Газ и К» ЖШС Алғабас тұрғындарының да табиғи газ құбырына қосылып, өмір сапасын жақсартуына сеп болып жүр.

«Экодаши Газ и К» ЖШС шебері Әлібек Юсупов «Алғабас ауылындағы тұрғын үйлерге газ қосуға кіріскенімізге үш-төрт күн ғана болды. Осы ауылда қазірге 16 үймен келісім шарт жасастық. Бүгінге дейін 8 үйді желіге қосып үлгердік. Газ кіргізу жұмысының бағасы – 360 мың теңге. Ауыл халқының жағдайын білеміз. Сондықтан бөліп төлеуге де келісіп жатырмыз. Жер астымен келіп тұрған тұрбаны жылыту қазандығына, газ ошағына қосып береміз. Қазір қосып берген үйлердің тек екі-үшеуі ғана қазандық пен ошаққа қатар қосқызып алды. Көбі тек ас дайындайтын газ ошағын ғана қосты. Себебі, жылыту жүйесі, қазандығы дайын емес», - дейді.

2fffee98-4783-40a9-ac93-212d8460aa51 (1)

Тап солай, тек тамақ жасайтын ошағын ғана газға қосқызып жатқан ауыл тұрғыны Салауат Дәулетқалиев «Биыл жаздай «ауылға газ келеді» деп жинақталғанмен, тап осылай тез келетініне сенбегенім рас. Үй ішіне жылыту жүйесін жүргізбеген соң, әзірге газ плитасына қосқызып аламыз. Қуаныштымыз. Неше жыл бойы газды баллонмен тасып, пешті отынмен жаққан біз үшін көгілдір отынның үйімізге келуі ерекше жаңалық. Шалғайда жатқан шағын ауылдың тұрғындарына газ жеткізген мемлекеттің қамқорлығына алғыс айтамыз», - деп ағынан жарылды.

Көгілдір отынды жылытуға да, тамақ дайындауға да бірден қосып алған қожайын Юрий Лукин «Газ келіп, қуанып жатырмыз. Ауылға қарай газ құбыры тартылып келе жатыр дегеннен соң қамдана бастадық. Қаржымызды ыңғайлап, қажетті қондырғыларды сатып алдық. Газ қазандығы тұратын жерді де жөндеп қойғанмын. Мердігер жігіттер бәрін де тез қосып берді. Осы күнге жететінімізге, ауылға газ келетініне сендім. Дегенмен, осылай тез жетуі жаңажылдық тосын сыйдай болып тұр. Осылай жайлы өмір сүруімізге жағдай жасаған үкіметке, ел басқарған азаматтарға ризамыз», - дейді.

«Таңмен әдеттегідей пеш жағуға жүгірмей, жылы жерде оянатынымды ойласам, еріксіз күлімдеп жіберемін. Қуаныштымын. Ауылдағы адамның жағдайын жасауға ден қойған Мемлекет басшысына, облыс, аудан басшылығына мың алғыс! Ауылға газ келеді деген кезде ауылдастарым маған осы істің басы-қасында болуды, қаржылық, рәсімдеу жақтарын жүргізуді сеніп тапсырған болатын. Сол күннен бастап, іске кірістім. Міне, осы екі-үш күннен бері сегіз үй табиғи отын желісіне қосылды. Негізінен малға қарап отырған ауылмыз ғой.  Бөліп төлеп, газ кіргізуге ынталы ауылдастарым да жолығып, «Экодаши Газ и К» келісім шарт жасасып жатыр», - дейді ауылдың «газ қазынашысы» Инна Лукина.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале