11.01.2021, 17:56
Оқылды: 34

Кәсіпкердің қалы қалай?

Әлемдік экономикалық дағдарыс пен коронавирус пандемиясы жағдайындағы облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жаман болмады. 2020 жылы 1466,2 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 5,2%-ға артық. Жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіптің үлесі салмағы басымырақ, бірақ оның 51,6 %-ы газ өндіру саласына тиесілі. Жалпы өңірлік өнім құрылымындағы ауыл шаруашылығы саласының үлесі 28,8%-ды құрайды, оның ішінде сауда 7,6%, көлік 5%, құрылыс – 4,6%. Ауыл шаруашылығы саласында оң динамика байқалады. Өткен жыл бойынша жалпы өнім көлемі 167,8 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға өсті.

 касипкердин калы калай

Өткен жылы кәсіпкерлік саласындағы субъектілер саны өсті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотовтың айтуынша, былтыр өңірімізде төтенше жағдай режімі енгізілгенге дейін кәсіпкерліктің 42,3 мың субъектісі жұмыс істеген және 104,9 мың адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде облыс аумағында 43,1 мың жеке кәсіпкерлік жұмыс істеуде және оларда 106,8 мың адам нәпақасын тауып жүр. Өткен жылы кәсіпкерлік субъектілердің саны 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,6%-ға өсіп, жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейтін қызметкерлер саны 8%-ға азайған.

– БҚО кәсіпкерлік палатасы жүргізген сараптама қорытындыларына қарағанда қызметкерлерді қысқарту ойын-сауық, көпшілік шараларды ұйымдастыру, туризм, қоғамдық тамақтандыру салаларында орын алды. Кімнің кәсібі карантиндік шаралардан зардап шекті деген сауалнамаға 2500 жеке кәсіпкер (бұл шағын, орта кәсіпкерлік субъектілерінің 19%-ы) қатысты.  Олардың арасынан 632 кәсіпорын басшысы (26,1%) табыстың азаюына байланысты қызметкерлерді қысқартуға, 891 жеке кәсіпкерлік басшысы (38%) өз қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Облыста 12,6 мың кәсіпорын карантиндік шараның жұмыстарына кедергі келтіргенін айтады. Олардың барлығы да бөлшек сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Қызмет көрсету саласындағы кейбір кәсіпкерлер әлі күнге жұмыс істемейді және табыс таппайды. Олар – мейрамхана, кинотеатр саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер. Облыста 2500 адам жұмыспен қамтылған 120-дан астам банкет залы бар, - деді Нұржан Мақсотов.

Өңірде бірқатар карантиндік шаралар сақталып отыр. Соған орай мейрамханалардың қызметіне тыйым салынған.

Н.Мақсотовтың айтуынша, кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банктерге төлемақыларын уақтылы төлей алмай қиналуда.

Кәсіпкерлік палатасына келген кәсіпкерлік иелері коронавирус пандемиясы кезінде несиелерін төмен сыйақы мөлшерлемесімен қайта қаржыландыруды және кепілдемеге байланысты талапты төмендетуді сұрайды. Көптеген жеке кәсіпкер карантиндік режім жағдайында табыстарының азаюына байланысты жалға алған орындарының ақысын төлеуде қиындықтарға тап болған. Одан басқа тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс күрт төмендеген.

– Бұдан бес жыл бұрын кәсіпкерлер палатаға бизнес нысандардың құрылыс жұмыстарына рұқсат алу, құрылыс нысандарын салу үшін жер телімдерін алу, мемлекеттік құрылымдардың тарапынан болатын тексерістерге және сот шешімдеріне байланысты мәселелермен келетін. Ал қазір кәсіпкерлер қауымын күрделі мәселелер толғандырады. Олар кәсіптерін одан әрі қалай дамытамыз, кәсіпорындарын заманауи талаптарға қалай сай қыламыз, өнімдерін экспортқа қалай шығарамыз, өндіріс орындарын кеңейтуге мемлекеттік көмек-қолдауды  қалай аламыз деп ақыл-кеңес сұрап келеді. Бүгінде мемлекет кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетуде. Мысалға, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерге өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, қызмет көрсету салаларындағы жобалары үшін 6%-дық жеңілдетілген несие 10 жылға дейін беріледі. Сондықтан жергілікті атқарушы құрылымдармен, қаржы институттарымен бірге осы бағыттағы түсінік жұмыстарын ширатуға тиіспіз. Әсіресе ауыл-аудандардағы кәсіпкерлерге бизнестерін қалай дамытуға болатынын, оған мемлекеттен қандай көмек-қолдау болатынын, палатаның қандай көмек беретінін түсіндіре отырып, жұмыстануымыз керек, - деді Нұржан Мақсотов.

Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңеспен бірге барлық саладағы кәсіпкерлікті жандандыру бағытында жұмыстанбақ.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале