15.01.2021, 14:35
Оқылды: 37

Теректі ауданында округ әкімдерінің халық алдында есеп беру жиналыстары басталды

Теректі ауданында әкімдердің халық алдында есеп беру жиналыстары шағын ауылдарда басталды. Ауыл әкімдерінің есеп беру науқаны – елімізде дәстүрге айналған үдеріс. Бұл олардың ел алдында жүзеге асқан істі жіпке тізіп, келер жылы атқарылуы тиіс шаруалардың басын қайыратын кезеңі деуге де болады. Биылғы жылғы есептік кездесулердің өтуі ерекше. Әлемдік пандемияға байланысты барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беруін онлайн өткізу ұсынылған болатын. Дегенмен, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы оңды, ғаламтор байланысы әлсіз шағын ауылдарда, барлық қауіпсіздік талаптарын, яғни, арақашықтық сақтау, қорғаныс құралдарын қолдану тәртібін сақтай отырып, бетпе-бет кездесулер өткізуге жергілікті санитарлық дәрігердің рұқсаты бар.

 федоров

Сондай бетпе-бет есептік кездесу 14 қаңтар күні Федоров ауылдық округіне қарасты Жайық ауылында өтті.

Неше жылдан бері тасымалданған су тұтынып келген Жайық ауылының тұрғындары осыдан дәл бір жыл бұрын "Өңірлерді дамыту" бағдарламасымен ауыз суға қол жеткізді. Республикалық бюджеттен 212 млн. 822 мың теңге бөлініп, 158 аулаға таза ауыз су жеткізілді. Шойын жолдан тасымалмен әкелінетін суды қолданып, оның сапасына да көңілі толмай, ондаған жыл бойы «су керек» деген халықтың қуанышында шек жоқ. Көгілдір отынның да рахатын көріп отыр. Тас жол бойында, аудан орталығына іргелес қонған ауылдағы халықтың өмір сүру сапасы жоғары.

Сондықтан да шығар, округ әкімі Әсет Әубәкіровтің есептік баяндамасын мұқият тыңдаған Жайық тұрғындары екі-ақ мәселе көтерді. Біріншісі – ауылдағы бұралқы ит жайы. Бұл аудандағы біраз ауылда көтеріліп жүрген мәселе. Екіншісі – ауыл ішіне қосымша жарық шамдарын орнату.

Түсқайта округ әкімі Тақсай және Қабылтөбе ауылдары тұрғындарының алдында есеп берді.

Тарихи мәліметтерге сәйкес Тақсай деген қазақы атауға ие болған Донецк ауылы да орталыққа жақын мекен. Аудандағы жалғыз туристік базасы "Барбастау" алақандай ауылда орналасқан. Былтыр жергілікті қожалық басшысы Мерболат Жанғалиев Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында медициналық пункт ғимаратын ауылдастарына сыйға тартты. Негізінен мал ұстайтын ауылдың басты мәселесі де шаруашылыққа байланысты болды. Мал жайылымы тар. Ауыл маңындағы тоған табанын тереңдету керек дейді тақсайлықтар.

Тұрғын саны азайып, 43 адам ғана мекен еткен Қабылтөбеде жағдай қалыпты. Жол қардан тазартылып тұрады. Округ әкімінің есептік баяндамасын тыңдаған ауыл халқы мал шаруашылығына байланысты сұрақтарын қойды.

Көтерілген әр мәселе жайын халықпен талқылаған  округ әкімі Әсет Әубәкіров шешімін табу жолында жұмыстанатындығын айтты.

 

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале