15 қаңтар күні Казталов ауданы әкімдігінің кіші залында Казталов аудандық мәслихатының жетінші шақырылымындағы бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Альберт Есалиев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округтер әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен алқалы жиын өтіп күн тәртібінде 2021 жылдың 10 қаңтар күні өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар сайлауының қорытындысы, аудандық мәслихаттың ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Алғашқы мәселе жөнінде Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жүсіп Шакуовтың сайлау қорытындысы туралы баяндамасы тыңдалды.
Тыңдалымнан соң аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымының депутаттарына депутаттық мандаттар табысталды.
Казталов аудандық мәслихатының депутаттығына «Nur Otan» партиясынан 9, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 1 депутат, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 1 депутат сайланды.
Депутаттар мандаты табысталғаннан кейін жиын аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымындағы І ұйымдастыру сессиясымен жалғасты.
Сессияның күн тәртібінде аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау, «Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясын сайлау, «Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясын сайлау, «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының депутаттық фракциясын тіркеу, аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын сайлау туралы мәселелер қаралды.
Қаралған мәселелер бойынша депутаттардың мақұлдауымен шешімдер қабылданды. Сессияда қабылданған шешімдерге сәйкес Казталов аудандық мәслихатының хатшылығына Сәрсенбай Молдашев, «Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Гүлдана Даулетова, «Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына Абылайхан Шакуов тағайындалды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz