Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында ауылды көркейту, табиғи таза өнім өндіруді қолға алу қазақстандықтардың басты мақсаты екендігі атап көрсетілген болатын. Бұл мақсатта Үкімет тарапынан мол мүмкіндіктер қарастырылуда. Соның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың дені ауылға бағытталған.
Бірнеше жыл бойы мекемеде отырып, қызмет атқарған шыңғырлаулық Данагүл Хамиева отбасымен ақылдаса келе кәсіпкерлікке бет бұрды. Бала кезден ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білгендіктен болар, шағын жеке аула шаруашылығын ашып, ірі қара малын өсіріп, өнімін алмаққа ден қояды.
Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы мамандарының көмегімен қажетті құжаттардың бәрін жинап, 11 бас ірі қара малын алып, өсіруде.
«Мекемеде жұмыс жасаған әрине жақсы, десек те бала-шағамыз бар. Оларды уақытылы қарап күту, оқыту – әйел адамның міндеті. Жолдасым Мерлан екеуіміз ойлана келе, малды көбейтсек, бұл қомақты қаражат көзіне жол ашады деп шештік. Әрі балалардың саулығы үшін табиғи таза, өз қолыңмен өндірген өнім өндіруді мақсат еттік. Қаймақ-майға, құрт-ірімшікке сұраныс көп. Әсіресе, пандемия кезінде өмірдің өзі табиғи өнімге деген сұраныстың қаншалықты қажеттілігін дәлелдеп берген жоқ па?!», - дейді «Азиза» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Данагүл Асмаққызы.
Айсұлу Амангелдіқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz