Ақжайық ауданы бойынша биыл 142 523 мал қыстаққа кірді. Осынша малға 241 700 тонна мал азығы дайындалуы керек болатын. Алайда көктемгі және жазғы маусымдардағы ауа райының қолайсыздығы, жауын-шашынның аз болуы, көлтабандарға судың аз шығарылуы салдарынан шөп шығымы шамалы болды. Ауданда қыстық мал азығы 239 959 тонна шамасында дайындалып, жоспар 99,3 пайызға орындалды. Қыстақтарда 210 мыңдай ұсақ мал, 94 мыңдай ірі қара, 42 мың жылқы, 211 түйе бағылуда. Мал қыстату науқаны бірқалыпты өтіп жатыр. Мал негізінен 330 қыстақта, 49 елді мекенде шоғырланған.
– Қазіргі уақытта ауылдық округтерден алынған ақпараттар бойынша 165 мың 700 тонна шөп, 2600 тонна, яғни 65 пайыз жем бар. Бұл – 95-100 күндік мал азығы. Ауданда 8960 жеке аула болса, соның 4800-ден астамы мал ұстайды. Оларда да мал азығы жеткілікті. Ақжайықтықтар Сырым, Тасқала, Бәйтерек, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарынан 41500-дей рулон шөп тасымалдап алды. Соңғы кездері ауа райы құбылып тұр. Күн райы біресе аяздатады, біресе жаңбыр жауады. Соған қарамастан, жылқы малы әлі тебінде жүр. Ірі қара, ұсақ жандық шөпке тұрды. Қысқы маусымда қыстақтарға жол аршылған. Қыстақтар электр жарығымен қамтылған. Тек биылдың өзінде ауданымызда 100-ге тарта баламалы электр қуатының көзі – күн батареялары сатып алынды. Шаруа адамдары қыстақтарда 41 құдық қаздырды. Өйткені күзде судың тапшылығы қатты білінді. Көшім су арнасының жоғары жағында да су тапшы болып отыр. Құдықтар жер асты суын пайдалану үшін қазылады. Құдықтарды қазуға жұм-салған шығынның 50 пайызын өтеуге мемлекет инвестициялық субсидия төлейді. Басқа жақтан әкелінетін жем-шөптің бағасы тұрақты, бірақ арзан емес. Ақбидайдың келісі 85-95 теңгенің шамасында, кебек 75-85 теңге, шөптің рулоны 7,5 мың теңгеден 8,5 мың теңгеге жетті, – деді Ақжайық аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қайырманов.
Ауылдық округтерде 18 кооператив жұмыс істейді. Олардың көпшілігі ірі қараның бағымын ұйымдастыру, малды асылдандыру бағытында жұмыстанады.
Екі кооператив (Тайпақ, Қабыршақты) мал азығын дайындаумен айналысады. Техника паркін жаңарту жұмыстары жақсы жүруде. Былтыр жаңадан 147 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Соның 65-і «МТЗ-80, 82» тракторы болды. Өткен жылы 176 техника сатып алынған, оның ішінде тіркемелері бар. Солардың 56-сы трактор, бесеуі «Джон-Дир».
Аудандағы шаруалардың жиі көтеретін мәселесі – жер тапшылығы. Олар мал басын өсіріп, жерлерін кеңейткісі келеді. Одан кейінгі шаруа адамдарының мұңы – су тапшылығы. Соңғы жылдардағы құрғақшылықтың кесірінен шөптің шықпауы шаруашылықтардың шымбайына батуда. Сондықтан көпжылдық шөп егуге көңіл бөлінуде. Бұрыннан 420 гектар жер бар еді. Енді бір шаруашылық сүрлем салу үшін жүгері егіп жүр. Алдағы жылы алғабастық «Сәбит», ақжолдық «Нығмет» шаруа қожалықтары мал азықтық дақылдарды, көпжылдық шөпті егуге талпынып отыр. Олар су үнемдегіш жабдықтар орнатуға ниетті. Қазір несие мәселесін шешуде. Шаруалар қауымы суды үнемдеуге мән-маңыз беруде. Қорыта айтар болсақ, ақжайықтық ағайын қыстан қысылмай шығуға бар жағдайымыз бар деседі.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz