Облыстық ішкі саясат басқармасы тапсырысы аясында жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, сарапшылардың да, тұрғындардың да пікірінше, медицина саласында 19%, білім саласында 18% жемқорлық таралған. Сонымен қатар, тұрғындардың пікіріне сәйкес полиция (18%), құрылыс (18%), тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы (16%), жер қатынастары (15%) салаларында да жемқорлық бейім екендігі анықталған.
Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша аймақтық комиссиясының жоспардан тыс отырысында айтылды.
Аталған басқосуда сөз алған ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы Рустам Ақмырзаев облысымыздағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы баяндады.
Ал департамент басшысының бірінші орындасары Нұрдәулет Самет Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен «Transparency International Kazakhstan» қоғамдық қорымен Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйіне жүргізілген зерттеулер нәтижесін баяндап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары туралы өз ұсыныстарын айтты.
Комиссия отырысында сөз алған департамент басшылары жоғарды көрсетілген ұсыныстарды ескере отырып, анықталған кемшіліктерді жою үшін арнайы жұмыс тобын құрып, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдарының басшы орынбасары лауазымынан төмен емес өкілдерді және қоғам белсенділерін енгізіп, олардың ұсыныстары мен ескертулері негізінде, 2021 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Жол картасын әзірлеу керектігіне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған барлық бастамаларына қолдау көрсететінін айтты.
(Комиссия отырысынан дайындалған материалдың толық нұсқасын «Орал өңірі» газетінің жұма күнгі шығарылымынан оқи аласыздар)
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz