25.01.2021, 21:00
Оқылды: 35

Егіндібұлақта маман тұрақтамайды

Нәпақасын шаруашылықтан тауып отырған Бәйтерек ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тұрғындары жазда тынымсыз еңбек етіп, қысқа қажетті мал азығын толық жинап алған. Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлері пандемия кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдан келген көмегін де аямапты. Мектеп ұстаздары да игілікті іске бір адамдай жұмылып, қомақты қаражат жинап, мұқтаждарға қолұшын берген. Бұл мәліметті аудан әкімінің есептік кездесуінде Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Ринат Ескендіров берді.

ег1

Ринат Маратұлы өз сөзінде біраз жылдан бері көпті толғандырған ауыл мектебін жөндеу жайы шешімін тапқанын да атап өтті.

- Матвеевка, Белое өзендерінің жағасы қоқыстан тазартылды. Ауыл көшелеріне жарық үнемдеуші шамдар қойылды. Жергілікті тұрғындар ауыл тазалығына үлкен мән береді, - деді ауыл әкімі.

Одан соң аудан басшысы Марат Тоқжанов өткен жылы атқарған жұмыстарды баяндап өтті. Пандемияға қарамастан ауданда қыруар жұмыс атқарылған. Егін уақытымен шабылып, мал да өсірілген. Инвестиция тартудан да ауданымыз алдыңғы қатарда. Барлығы 11 инвест жоба іске асуда. Бірақ пандемия кей жобаларды ойдағыдай аяқтауға өз кедергісін келтіргенін де Марат Лұқпанұлы жасырмады. Десе де, жоспарлы жұмыстар тоқтамақ емес.

ег3

Аудан әкімі бұдан бөлек кәсіпкерлік, мемлекеттік бағдарламалар мен құрылыс және тағы да басқа салаларда көп жұмыстар іске асқанын да өз баяндамасында айтып өтті.

Жиын соңында тұрғындар ауылдағы өрт сөндіру бекетінің жұмысын жандандыру мәселесін көтерді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған өрт сөндіру бекеті жұмысшыларымен келісім-шарт мерзімі аудан бюджетінің қысқартылуына байланысты кеміген-ді. Десе де, жаз болса, өрт мәселесі өршіп кететінін ескеріп, бекетті қайта ашу мәселесі қарастырылмақ. Тұрғындар сондай-ақ мектепке көлік және жас мамандарға тұратын үй қажет екенін мәселе етіп көтерді.

Оған аудан басшысы балалар тасымалы жоқ мектепке көлік қарастырылмайтынын айтты. Ал баспана мәселесі барлық ауылда бар екенін жеткізген М.Тоқжанов биыл ірі кәсіпкерлер жұмысшыларына үй салу мәселесін қарастырып жатқанын айтып, аталмыш жоба сәтті жүзеге асса, жас мамандарды да үймен қамту жайын күн тәртібінде болатындығын атап өтті.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале