Жаңақала ауданы әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің тұрғындарға есеп беру жиыны Қызылоба ауылынан соң Бірлік ауылдық округінде жалғасты. Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мен аудандық мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Жиынды ауыл әкімі Ерсайын Еслямғалиев ашып, өткен жылда атқарылған ауқымды істер туралы баяндама жасады. Ауыл әкімі 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2021 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мал басы санағын салыстырмалы түрде атап, ауылдық округте қаржыландыру мәселесі, балабақша, дәрігерлік амбулаторияны, қоғамдық және жастар ұйымдарының жұмыстарын, қылмыс, әлеуметтік, жұмыспен қамту, білім, мәдениет саласында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Ауыл әкімінің мәліметіне жүгінсек, Бірлік ауылдық округінде 1559 адам тұратын 343 тұрғын үй бар. Олар негізінен 3 үлкен елдімекенде және 45 қыстақтарда орналасқан. Округте 1 ЖШС, 25 шаруа қожалық, 30 жеке кәсіпкер бар. Мұндағы халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы.
2020 жылдың мал басы санағы бойынша: 6318 ірі қара, қой-ешкі 30556, жылқы 3652, 54 түйе, 686 құс. Ал 2021 жылдың мал басы санағы бойынша: 7282 іpi қара, 32049 қой-ешкі, 4315 жылқы, 55 түйе, 686 құс. МІҚ былтырғы жылмен салыстырғанда 964-ке, 1493 қой-ешкі, 663 жылқы, 1 түйеге көбейген, құс саны өзгеріссіз. Округ бойынша 6 мал дәрігері жұмыс жасауда. Жоспар бойынша 2020 жылы 6689 ірі қара малынан 2 рет қан алынып, 7 бас ірі қарадан бруцеллез ауруы анықталған. Алайда ауру малдар уақытылы жойылып, орындары түгелдей залалсыздандырылған. Жыл бойына 20 бұралқы ит атылды.
- Округте әлеуметтік жағдай толық шешілген деп айтуға болады. Мәдениет үйі, балабақша, орта мектеп тұрақты жұмыс жасауда. Ауылымыз табиғи газбен, таза сумен қамтылған. Жеке моншалар тұрақты жұмыс жасап тұр. Ұялы телефон, телефон байланысы істеп тұр. Ауыл тұрғындарына қызмет ететін 1 кафе, 7 азық-түлік, 1 кеңсе тауарлар дүкендері жұмыс жасайды. Облыс орталығына өздерінің келісілген кестелері бойынша 2 газель, 2 жеңіл автокөлігі жүрсе, аудан орталығына 4-5 жеңіл автокөлік қатынайды. ЖШС-те және шаруа қолжалықтарына тұрақты және науқандық жұмыстарда 300-ден астам адам еңбекпен қамтылса, 150-дей адам бюджеттік мекемелерде iстейді. Округтің негізін кұрап отырған - «Бірлік мал зауыты» ЖШС-і. Осы шаруашылықта тұрақты 145 адам қызмет атқарады. Көшеге ауыл тұрғындарының бау-бақша салу үшін күніне 2 мезгіл күзге дейін техникалық сумен қамтамасыз етілді,-деп өз баяндамасын 2021 жылы алда атқарылатын міндеттерге шолу жасаумен аяқтады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған аудан басшысы 2021 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына қысқаша тоқталып өтті. Одан әрі қазіргі мемлекет басшысының тапсырмасына сай Бірлік ауылына дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізіліп жатқандығын және бұдан басқа алда тұрған мақсат-міндеттерді баяндады.
Жиын соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары Манас Болатов пен Қаламқас Атауова жол мәселесі жөнінде, яғни жолдың сапалы салынуын қадағалауын, спортты, мәдениетті дамытуға жағдай жасауын, жастарға үй, жан-жақты қолдау қажеттігін, көшеге жарық керектігін айтып, ауылға ортақ мәселелерді көтерді. Сәйкесінше, аудан, ауыл әкімдері мен сала мамандары барлық сұрақтарға тұшымды жауап қайтарып, көтерген мәселелердің ескерусіз қалмайтындығын жеткізіп, жиынды қорытындылады.
Ж.Хайрушева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz