Жайықты жағалай қонған, Шалқардай көлі бар Теректі – айдыны балыққа бай өңір. Айдында шоршыған шортан-алабұға қыс кезінде мұз астында қалды. Аяз қысқан сайын мұз қалыңдай түседі. Соның салдарынан су астындағы балық біткен ауа жетпей, тұншыға бастайды.
Осы кезде адам баласы көмекке келмесе, бар балық көктемде қалқып шығуы мүмкін. Сондықтан мұз ойып, ауа жіберуді уақтылы қолға алған дұрыс.
Осы мақсатта бұл жердің қыр-соқпағын жақсы білетін шалқарлықтар құрал-сайманын байлап, мұз үстіне шығады.
Сықырлаған аязға қарамай, мұзға бұрғы салған азаматтардың ісі, әсіресе қарымды. Бұрғымен айналдыра ойған ұңғымаға олар дестелеп байлаған қамысты жантайта салды. Бұл бұрыннан келе жатқан тәсілдің пайдасы – ойық бетіне мұз қатса да, қамыс қуысы арқылы астындағы тіршілікке ауа жетіп тұрады.
Сөйтіп, табиғатқа жанашырлық танытып, Аңқаты өзені бойында балыққа ауа жіберген азаматтар қолға алған істі тындырып қайтты.
Қыстай Шалқар көлі үстіне де ойық ойып, ауа жіберу шараларына ұйымдасып шығатын шалқарлық жігіттердің ісі көпке үлгі боларлық.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz