5.02.2021, 12:09
Оқылды: 38

240 отбасы баспаналы болады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауындағы  «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық» бөлімінде «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады» деген болатын.

408A3043-86E2-4827-8EC2-285418E1A816

Осы орайда елімізде нақты жобалар қолға алынды.

Теректі ауданы аумағында да тұрғын үй қорын толықтырып, қолжетімді баспанаға жеткізер үлкен құрылыс жүріп жатыр.

Былтыр Орал-Ақсай тас жолының бойында жатқан, Подстепное ауылдық округіне қарасты Тоқпай ауылы шетінде қырық үй салынатын үлкен қалашыққа құрылыс алаңы дайындалып, мердігер «Қаз Хол» ЖШС іске кірісті.

Алғашқы қадасы қағылғаннан бастап баспаналы болуды армандаған талайдың көзін қызықтырған қалашықта қазір 20-25 қызыл үй бой көтеріп қалды.

Жалпы ауданы 25000 шаршы метр болатын қырық үйдің әрқайсысы 3 қабатты, 6 пәтерлік болады. Яғни құрылыс толық аяқталған кезде 240 пәтер пайдалануға беріледі. Әр пәтердің көлемі  104,2 шаршы метрден есептелген.

Алдын ала білуімізше, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынып жатырған үйден пәтерді  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жинағы бар тұрғындар ала алады екен.

Негізі, тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизмдер «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілген. Бағдарламаның негізгі мақсаты - осы саланы нарыққа барынша бейімдеу. Яғни халықтың баспананы өз жинағы, табысымен алуына жағдай туғызу. Тоқпайда салынып жатқан 40 үй де сондай, мемлекеттік бағдарлама аясындағы қолжетімді, эконом-класқа жататын баспана болады.

Сондықтан Тоқпайдағы жаңа үйлерден пәтер алғысы келген адам күні бұрын қамдана берсе болады.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале