12.02.2021, 9:37
Оқылды: 61

Еңбекті бағалаған дұрыс

Қандай ма мамандық болмасын, бір-біріне ұқсамайтын өзіндік қыр-сырымен қызықты. Дегенмен түрлі саланы сараласақ, кейде еңбегі елене бермейтін жандардың да барлығын, олардың да қоғамға өлшеусіз үлес қосып жатқандарын пайымдауға болады. Солардың қатарында қоғамдық жұмыста жүрген тұлғалар, яғни көше, аула тазалаушылар да бар. Кей жағдайда жұмыстың осы түрін көп адамның бағаламайтындығы қынжылтады.

 IMG_1996

Осыдан бірнеше жыл бойы көше, аула мен дала тазалығы – бас қатырарлық мәселеге айналған болатын. Дегенмен бүгінде ауыл тазалығы басты мәселе болмағанымен, әйтеуір жылдан жылға жолға қойылғандығы байқалады. Құзырлы мекемелердің тарапынан көше бойына қоқыс жәшіктері орнатылумен қатар түрлі жұмыстар атқарылып, көктем шыға салысымен апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылады. Әйтсе де күнделікті тазалықты қадағалап, көше ажарына өз үлесін қосатын қоғамдық жұмыста жүрген тұлғалардың еңбегі көзге іліне бермейді.

- Шыңғырлау ауданы бойынша 2021 жылдың қаңтар айында 68 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Жалпы жыл бойына барлығы 350 адамнан астам қоғамдық жұмысқа тартылады. Қоғамдық жұмысқа тартылатын тұлғалардың арнайы мамандықтары болмағандықтан, олар мекеме аумағы мен көшелерді тазартады, кей жағдайда құжаттарды тасымалдаушы қызметін атқарады, - дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Толқын Күлшариева.

Қоғамдық жұмыста жүргендердің көп жағдайда қыстың суығына, жаздың аптап ыстығына шыдамай, жұмыстан бас тартатын кездері де болады. Дегенмен жұмыс барысындағы қиындыққа мойымай, ұзақ жыл қатарынан қызмет етіп келе жатқан Мамай Дүйсенғалиев, Кеңес Баймурзиев, Звайда Ибраева, Нұргүл Сарқұлова, Арайлым Сағынғалиева секілді жандар 5-6 жыл еңбек өтілін артқа тастаса, олардың артынан ілескен Балмекен Аманғалиева, Әділхан Хайруллин мен Қайырқожа Абдрахманов секілді жандар да осы салада аянбай қызмет етіп келеді. Оларды әмбебап, яғни жан-жақты қызметкерлер деп айтуға болады. Мәселен, көше тазалау, қоқыс жинау, қар тазалау өз алдына, кейде жалғызбасты жандарға қолдау көрсетіп, отын жару, ауладағы қарларын аршу жұмыстарымен қатар қабір қазу жұмыстарын да жүзеге асырады.

Ертемен көше аралап, қоқыс жинап, көшенің сәнін кіргізетін жандардың еңбегі еленбей жатады. Қоғамдық қызметкер Мамай Отарұлы: «Мен осы қоғамдық қызметте 5 жылдай қызмет етіп келемін. Жұмыс барысында қай жұмыс болсын, бас тартпадым. Бүгінде трактор айдап, ауыл ішіндегі контейнердегі қоқыстарды жинаймыз. Бұрынғы кездегідей емес, соңғы жылдары тазалық бір жолға қойылды. Дегенмен, кей тұрғындардың қылықтарына қарап, ішің қынжылады. Жәшікке жеткізбей, қолындағы қоқысын айналасына лақтырып кетеді. Оның «қызығын» ит пен мысық, шыбын-шіркейлер көріп, мал тартқыштап жатады. Қыстың аязды күнінде қоқыстар қатып, күрекке ілінбесе, жаздың аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық күндері жағымсыз иіс шығып, шыбын-шіркей жұмыс жасатпайды. Ең өкініштісі, біз қоқысты жинап өткеннен кейін араға сағат салмай, тап сол орын бойынша «Көшенің ортасындағы қоқысты неге жинамадыңдар?» деген сөз естіп жатамыз. Бұл енді тұрғындардың біздің жұмысымызды сыйламауы» десе, әріптесі Кеңес Баймурзиев: «Әсіресе, қоқысты жүк көлікке тиеуде қиындықтар кездеседі. Темір контейнерлерге су төккендіктен олар одан сайын қатып, жұмысымыз кері кетеді. Тұрғындар малдың терісін, ішек-қарнын арнайы орындарға апармай, коқыс жәшігіне сала салады. Оның «зардабын» біз көреміз. Сонымен қатар, кей тұрғындар коммуналдық қалдықтарын аулаларының сыртына шығара салады. Оны ит пен мысық шашады. Дегенмен, көпке үлгі, айналасы мұнтаздай таза аулалар бар. Олар өздерінің айналасын таза ұстау арқылы біздің жұмысымызды жеңілдетеді», - деп күнделікті жұмыстарының қы-сырымен бөлісті.

IMG_2014

Осындай ауыр қызметті абыроймен атқарып жүргендердің арасында нәзік жандылар да бар. Олар да өздерінің күш-жігерін аямай, туған ауылдың сәні мен шырайын келістіруге өз үлестерін қосуда.

- Жұмыс оңай деп айта алмаймын. Бірақ өзіме осы қызметім ұнайды. Қоғамдық қызметтегі 7 жыл еңбек өтілімде маған қайта-қайта басқа мекемелерден жеңіл жұмыс ұсынды. Бірақ өзім осы саладан кеткім келмейді. Тазалық жұмыстарымен қатар біз абаттандыру шараларымен де айналысамыз. Әсіресе, көктем мезгілінде еккен өсінділеріміз жаз шыға құлпырып, ауылға жаңа шырай бергенде, бұл да сенің үлесің екенін білгенде бір марқайып қаласың, - дейді Звайда Ибраева. Ол әдемілікті сақтау үшін де күні бойы оны суарумен қатар, жерлестердің қараусыз жіберген малдарынан арашалау да жұмысты едәуір қиындататындығын айтады.

Соңғы уақытта «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты туралы көп айтылғанымен, іс жүзінде нәтижесі аса байқалмайды. Егер де баршамыз бірдей қоғамдық тәртіпке бағынып, қоршаған ортамызды бүлдіруге жол берген адамның іс-әрекетіне мүлдем төзбей, құзыретті органдарға хабарлап отырсақ, келеңсіз жайттардың алдын алған болар едік. Өзіміз де қоқысты кез келген жерге тастай салмай, үйіміз бен ауламыздың маңын үнемі жиыстырып жүрсек болғаны. Егілген гүлдер мен ағаштарды сындырмау, қоқысты көрінген жерге тастамау жазылмаған заң іспетті болуы тиіс.

Тазалық – біздің денсаулығымыз бен өміріміздің кепілі. Олай болса, айлық еңбекақысы 40 000 теңгеден аспайтын қарапайым жандардың еңбегі еш кетпесін десеңіз, қоршаған ортаны ластамаңыз.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале