13.02.2021, 13:55
Оқылды: 53

Хабарламаға құлақ аспағандарға айыппұл салынады

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен Орал қаласындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысының жоспары және қаланы қардан тазалау мәселесі бойынша кеңес өтті. Кеңесте өңір басшысы uralsk.smartmap.kz сайтында жеке және бюджеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй нысандары туралы ақпарат орналастырылып жатқанын мәлімдеді.

IMG-20210212-WA0017

– Жаңа өзгерістерге сәйкес еліміздің тұрғындары зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында қолдана алатыны бәріңізге белгілі. Біздің мәліметіміз бойынша облыста 26 мыңнан астам салымшы өз зейнетақы жинағының бір бөлігін кәдеге асыра алады екен. Олар облыс орталығында қандай тұрғын үй салынып жатқаны жөніндегі ақпараттан хабардар болғаны жөн. Осы мақсатта арнайы сайт жасақталуда. Сондай-ақ қаланы қардан тазалау жұмыстары уақытылы және сапалы жүргізілуі қажет. Біз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығы бәрінен де маңызды. Көше жолдары, жалпы жаяу жүргіншілер жолы мен ортақ пайдаланатын орындарды қардан тазалау және оны шығару шаралары уақытында жүргізілуі тиіс, - деді кеңесті ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Қалада қанша үй салынбақ?

Қала әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, 2021 жылы бюджет қаражаты және КПО Б.В. қаражаты есебінен жалпы ауданы 114,1 мың шаршы метр 10 көппәтерлі тұрғын үй, барлығы 1226 пәтер пайдалануға берілмек. Ақжайық ЕТЖК-де жалпы саны 25, 3783 пәтерлік инженерлік желілері бар және абаттандырылған 3 тұрғын үйге шағын ауданның құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

– Биыл 285,2 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Uralsk.smartmap.kz сайтында жеке қаражат есебінен салынып жатқан 30 көппәтерлі тұрғын үй туралы ақпарат орналастырылды. Зашаған кентіндегі 9 қабатты 2 үй, Желаев кентіндегі 3 қабатты 2 үй, Орал қаласында 5 және 9 қабатты 25 үй туралы мәліметтер енгізілді.  Сайтта құрылыс объектілері бойынша ақпарат, орналасқан жері, мекенжайы, құрылыс салушы ұйымның атауы, пәтер саны, құрылыс компаниясының байланыстары орналастырылған. Сондай-ақ БЖЗҚ және Отбасы Банк сайттарына тікелей сілтемелерді табуға болады. Бұл жерде "зейнетақы калькуляторында" болашақ төлемдердің болжамды мөлшерін есептеуге де мүмкіндік жасалған, - деп атап өтті Абат Абайұлы.

Облыс бойынша зейнет жасына жетпеген 26 009 салымшының зейнетақы жинағы «Жеткілікті шегінен" жоғары екен. Оның ішінде 100 мың теңгеден 3 млн. теңгеге дейін - 16 300, 3 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейін - 6 835, 10 млн. теңгеден астам - 2 874 салымшы бар.

IMG-20210212-WA0016

Қар қайда шығарылады?

Қала әкімдігінің берген мәліметі бойынша қарды шығару және тазарту үшін белгілі бір рұқсат етілген орындар бар. Қар "Асан" карьеріне және Зашаған кенті, Балауса шағын ауданына шығарылады. Қосымша Шолохов ауданында тағы да қар шығаруға арналған полигон қарастырылуда.

Көлік қозғалысының қарқындылығы жоғарылаған кезде жолда қар-мұз қабаттары пайда болады. Мұндай жағдайларда қар-мұз түзілмеуі және көктайғақтың алдын алу үшін құм-тұз қоспасы қолданылады. Қар жауған кездегі бастапқы міндет - жолдарды қардан уақытылы тазарту, оның тығыздалуын және қар-мұз түзілімдерінің пайда болуын болдырмау.

Бұндай кезде щеткалары бар қар тазалағыштар, құм шашқыштар, роторлы қар тазалағыштар, тиегіштер, автогрейдер, бульдозерлер, самосвалдар, сыпыру-жинау автомашиналары жұмыс істейді. Тәулігіне екі ауысымда 260 бірлік техника (күндіз 140, түнде 120), 350 жұмысшы (күндіз 300, түнде 50) жұмысқа жұмылдырылады. Бүгінгі таңда шығарылған қардың жалпы көлемі – 439 632 текше метрге жуық.

Орал қаласы бойынша 1 238 көп қабатты тұрғын үй бар, оларға 108 ПИК қызмет көрсетеді. Көп қабатты тұрғын үйлердің іргелес аумақтарын тазалау жұмыстарын ПИК қызметкерлері жүргізеді.

Автокөлік пен жаяу жүргіншілердің үздіксіз және апатсыз қозғалысы талаптарына жауап беретін санитарлық нормаларға сәйкес мемлекеттік автомобиль жолдарын тазалау және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен "Жайық Таза Қала" ЖШС айналысады. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді, сондай-ақ кезек күттірмейтін, алдын ала болжанбаған жұмыстарды орындау үшін ҚР Еңбек заңнамасының талаптарын сақтай отырып, демалыс және мереке күндері де қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қызмет көрсететін мемлекеттік автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 615 км құрайды.

IMG-20210212-WA0018

Қала әкімдігінің берген мәліметіне сәйкес Орал қаласы бойынша жаяу жүргінші жолдардың ұзындығы 162 км, қазіргі таңда 65 пайызы тазартылған. Бұл бағытта «Жайық таза қала» күнделікті жұмыс жасауда. Қала бойынша барлық магистральды көшелердің жаяу жүргінші жолын тазалауға 6 ВТЗ тракторы сыпыру жұмыстарын жүргізеді. Бұдан басқа қосымша 20 бірлік құрама (құмсалғыштар), вакуумдық автомашина - 4 бірлік техника жұмыстануда.

Зашаған кенті бойынша 172 көше бар, жалпы ұзындығы 157 км құрайды. Қазіргі таңда 172 көшенің барлығына автогрейдер арнайы техникасымен жол кеңейту жұмыстары жүргізіліп, 19704 м3 көлемінде қар шығарылған. Күнделікті кент аумағында 45 адамды құрайтын 3 бригада және 20 дана арнайы техника екі ауысымда жұмыс істеуде. Кент аумағында ұзындығы 50,4 км құрайтын жаяу жүргіншілер жолының 75 пайызы тазартылған.

Жалпы қала бойынша барлық магистральды көшелердің жаяу жүргінші жолын тазалауға 6 ВТЗ тракторы сыпыру жұмыстарын жүргізеді. Әрбір жаяу жүргінші жолына екі трактордан қатар жүріп сыпырып шығады. Магистарльды  көшелер бойынша төбеден түскен қар мен еріген қар сулары жаяу жүргінші жолына мұз болып қатып қалады. Оның үстіне энертті материал тұзды, құмды қоспа шашылады. Құмды қоспа мұзбен араласқан соң, қайталап сыпыру жұмыстары жүргізіледі. Мұз оятын бес мобильді бригада жұмыс жасауда. Тағы да қосымша үш қарды қолмен аршуға арналған роторлы құрылғы алынды. "Жайық Таза Қала" серіктестігінде 750 адам жұмыс істейді. Қала бойынша арнайы бөлінген учаскелерді қолмен тазалап, сыпыратын 30 бригада бар екен. Шаһар кеңейіп, жаңа шағын аудандардың пайда болуына байланысты штатты ұлғайту жоспарлануда.

IMG-20210212-WA0014

Қала көшелеріндегі төбеден түсіп қауіп төндіріп тұрған мұздарды алдырту және көшелердегі жаяу жүргінші жолдарын тазалау үшін қаламыздағы мониторинг топтар жұмыс жасауда. Олар тиісті мекемелермен бірге КСК басшыларына, кәсіпкерлерге абаттандыру ережесінің 505 бабына сай тексеру жұмыстарын жүргізіп, ескерту парақтарын таратуда. Әлеуметтік парақшаларға берілген ескертпелер бойынша жасалған жұмыстардың дейінгі және кейінгі суреттері үнемі жарияланып отырады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505 бабында көрсетілген құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, биыл жыл басынан бастап, белгіленбеген орындарда қоқыстың шығарылуын жою мен қарды жинау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізген.

2020 жылы Орал қаласы ПБ ЖПҚБ қызметкерлері 505 бап бойынша 1 856 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 1 839 құқық бұзушыға ескерту жасалды және 786 650 теңге көлемінде айыппұл салу туралы 17 қаулы шығарылды, 709 310 теңге өндіріп алынған.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап құқық бұзушылықтың 17 фактісін анықтап, ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылған.

F7CBD5B1-5440-48BA-BE57-F23C4B94F917

«Таза Орал» қосымшасының маңыздылығы қандай?

"Таза Орал" қосымшасы кәсіпкерлерге шатырлардан қар мен мұзды уақытылы тазарту туралы хабарлайды. Бұл туралы облыс әкімдігінде Орал қаласының орынбасары Мирас Молқай мәлімдеді.

Шатырдан құлаған қар-мұз машинаны бүлдіргенде немесе адам жарақат алған кезде бірден кінәліні іздеу басталады. Әр адам өз үйі, мекемесінің айналасын қардан, шатырын мұздан тазалап қоюы тиіс. Осы мәселені шешу мақсатында Орал қаласының әкімдігі қысқы кезеңде ғимарат аумағын тазарту бойынша "Таза Орал" арнайы қосымшасын әзірледі. Бұл бақылау және құлақтандыру жүйесі қала аумағындағы шатырларын қар-мұздан тазартпайтын бизнес субъектілерін қадағалайтын болады. Қала әкімдігінің мониторингтік тобы бизнес иелерінің электронды поштасына немесе ұялы телефонына хабарламалар жіберетін болады. Тазарту туралы хабардар етілген кәсіпкер бір тәулік ішінде мәселені шешіп, 5 метр радиустағы аумақты толығымен тазартуы керек, - дейді қала әкімінің орынбасары.

Ғимаратты уақытылы тазаламай, жауапсыздық танытқан кәсіпкерлерге үлкен көлемде айыппұл салынады. Оның ішінде жеке тұлғалар - 20 АЕК, шағын бизнес - 30 АЕК, орта бизнес - 40 АЕК, ірі бизнес - 100 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ. Бұл 87 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы uralsk.smartmap.kz сайты мен «Таза Орал» арнайы қосымшасын әлі де толықтырып, жетілдіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан түскен жеке тұрғын үй салуға жер алып, оған екі-үш қабатты үй көтеріп, сататындар туралы шағым облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Аталған мәселені және шаһарда тұрғын үй шаршы метрі күрт қымбаттап кетті деген БАҚ-тағы мәліметтерге орай, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халыққа нақты ақпарат беруді қала әкіміне тапсырды.

Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале