14.02.2021, 10:24
Оқылды: 408

Халық арасында кеңінен таралған «Ағаларым» әні кімге арналғанын білеміз бе?

2a25df41aa47e67d5599c4085949312f_XL

«Құшағы оттай ыстық сахарадай,

Көңілі шалқып ұшқан шағаладай.

Алдымнан көкем-ай деп шығатұғын,

Сендерді сағындым ғой, ағаларым.

Өзіңе сүйенемін қандай жақсы

Сөзіңе сүйсінемін балдай тәтті

Ерлердің ағасы бар, жағасы бар

Алдыңда ағаң болған қандай жақсы...»

Иә, бұл Оспанхан Әубәкіровтың сөзіне жазылған қазақтың «Ән-Әсетіне» айналған Әсет Бейсеуовтың «Ағаларым» әнінен үзінді еді. «Ағаларым» әні жылдармен жаңғырып, өз құндылығын жоғалтпақ емес. Себебі , бұл әннің сазы мен сөзі шынайы сыйластық пен аса зор құрметтің әсерінен туған еді. Бұл ән – өз туған жерінен табан аудармай қызмет етіп, ерлігімен аудан ғана емес облыс, республикамызды күллі КСРО-ға танытқан «Кеңес одағының батыры» Есен Шегірейұлы Орақбаев атамызға арналған ән.

1922 жылы дүниеге келіп, 2002 жылы жарық жалғанмен қоштасқан атамыздың өмір жолы талайға үлгі-өнеге болары рас. 1942 жылы майданға аттанған батыр атамызға ерліктері мен жанкешті шайқастары үшін 1945 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен «Кеңес Одағының батыры» атағы берілген. Соғыстан кейінгі жылдары түрлі қызметтер атқарып көп жылдар «Красногор» кеңшарының директоры болғандығын тарих жылнамаларынан оқып біліп жүрміз. Жаттап жүрміз. Есен Шегірейұлының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен, соғыстан кейінгі ізгі істері һәм еселі еңбегі халық жадынан сәтке болса да шыққан емес. Батырдың көзін көрген, қызметтес болған, шарапатын көрген үлкендеріміздің әңгімелері мен естеліктері бұған дәлел бола алады. Ақын Закария Сисенғали ағамыз «Өткен күнде белгі бар...» атты жинағында: «Ес-ақаң он сегіз жыл Жаңақала ауданының «Красногор» жылқы зауытын басқарды. Ұзақ жылдар шаруашылық басында жүрсе де өзінің әке қаны, ана сүтінен біткен мінезінен айнымай, халқының құрметіне бөленді. Осы шаруашылықта құрылған «Сәуле» тракторшы қыз-келіншектер бригадасының даңқы Одаққа жайылды.» - дей келе: «Өзі басқарған шаруашылықтағы орта мектепке Ес-ақаңның есімі көзінің тірісінде берілді. Ол қуанышында да батырмен бірге болдық. Қазір батырдың атында Орал қаласында және Жаңақала аудан орталығында көше бар. Орал қаласы мен Қызылоба ауылындағы өзі тұрған үйлерге ескерткіш тақта қойылды. Қызылоба ауылындағы орта мектеп алдында және аудан орталығында ескерткіші бой көтерді.» - деп батыр атамыздың ерлігінің көзі тірісінде-ақ бағаланғаны, халықтың жүрегі мен жадында мәңгі жатталғаны туралы толқыныспен жазады.

Ерлік жасау тек қана соғыс даласындағы ерлікпен шектелмейді. Батыр атамыздың әлі күнге дейін ұлықталып келе жатырғаны, өскелең ұрпақтың жадынан өшпей келе жатырғаны, насихатталуы бәрі-бәрі тек Кеңес одағының батыры болғандықтан ғана емес. Басшылық қызметте жүрсе де қарапайым қалпынан танбай, қазаққа тән, азаматқа тән болмысты сақтап, ел-жұртпе қоянқолтық жұмыс жасап, халқының ризашылығына, махаббатына бөленуі еді. Біз батыр атамызды көрмесек те, алдыңғы аға буынның одан әргі ата-апаларымыздың естеліктері мен әңгімелерінен естіп, түйіп, сезініп жүрміз. Батыр адамыздың «Красногор» жылғы зауытын басқару кезіндегі түйткілді мәселелердің бірі мал азығын дайындаудағы кемшіліктердің орнын толтырып, ел ішінен қыз-келіншектерден құралған «Сәуле» бригадасын құрудағы еңбегін, батыр сенген, батырға сенген бригада ұжымының маңдай терлері хақында Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның құрметті журалисті Мажит Жаданов атамыздың көсіле жазғаны елге белгілі. Сол «Сәуле» тракторшылар бригадасының Қазақстанның Ленин комсомол сыйлығының лауреаты атанғаны батыр атамыз бен қоса тракторшы апа-әжелеріміздің даңқын аспандатып жіберді. Лайықты бағасын алды. Мажит ата: «...Осылайша, Есен ағамыз еңбек майданында да ер екенін дәлелдеді» - деп түйіндепті ескірмес естелігін. Есен Шегірейұлының қалтқысыз қызметі де бағаланып, алтын жұлдыздың жанына «Октябрь Революциясы», «Ленин», «І дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері, бірнеше медальдар қадалды.

Майдан даласындағы, еңбек даласындағы ерліктері мен жұртқа жаққан болмысымен тарих сахнасынан мәңгі түспей ұлықталатын жандардың бірі де бірегейі болып қала бермек. Батырдың атындағы мектептен де талай саналы шәкірттер білім алып, Тәуелсіз Қазақстанның туын көкке көтеретініне де бек сенеміз. Біздер де келер ұрпаққа Батыр есімін насихаттап, жады мен жүректерінде мәңгі қалдыруға еңбек етеміз. Бүгінгі күндері жоғарыда айтып өткендей батыр атындағы ескерткіш-бьюстілер, ескерткіш тақталар, мектеп пен көшелер бар екендігі белгілі. Сонымен қоса аудандық мұражайда батыр атамыздың тұтынған заттары мен жеке кітапханасынан кітаптар жиынтығы, ордендері мен грамоталары және халық жадында мәңгі жатталған «Ағаларым» әнінің түпнұсқа нотасы «Есен Орақбаев» бұрышында менмұндалап тұр.

Жүрегінде Отанға, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі бар әрбір жаңақалалық пен батыс қазақстандықтардың жүрегінде Есен атамыздың есімі мәңгі жатталуы тиіс. Жатталады да. Өзі өмір сүрген заман мен қоғамда өз биігінен түспеген, қазақы болмысты сақтап, туған жеріне қалтқысыз қызмет еткен, нағыз батырларша күн кешкен Есен ата Орақбаевтың ерлігі еш уақытта да ұмытылмақ емес. Ерлікке мәңгі тағзым!

Жанна Тұрсынғалиева,

Жаңақала аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале