16.02.2021, 11:05
Оқылды: 80

Әннің де естісі бар, есері бар

 «Ән - халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі». Жамбыл Жабаев атамыздың бұл сөзі қазіргі таңда әр адамға үлкен ой тудырарлық. Қазақ халқы ән-күй, жыр десе дес бермейтін, әйгілі Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұсалармен, көптеген жыршы, жыраулармен елге танымал. Олардың әнін естігенде құлақтан кіріп бойды алатын. Әміре Қашаубаевтың киелі қара домбырамен Париж сахнасында өнер көрсертуі талайдың таңдайын қақтырған. Орыс классикалық музыкаларын зерттеуші Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында қазақ халқының ән өнерін ерекше сипаттап, ән-күйлерін жинақтауы бекер емес.

381F0FFC-AE99-4704-B2F1-06FDC95D2957

Қазіргі жағдай мүлде басқа. Заман талабы да, онымен қоса адамдардың өнерді бағалау деңгейі де өзгерді. Ән күллі өнердің ішіндегі ең құдіреттісі, ең әсерлісі, баршаның жүрегін тербейтін, өнердің ең жоғарысы боп бағаланатыны емес пе?! Ал қазір екінің бір әнші.  Сахнаға шығып ән айтып,  тіпті бір айда бірнеше бейнебаянның тұсауын кесіп, «жұлдыз» болып жүргендер де жетерлік. Сондықтан болар, саны көп, сапасы аз қазақ әндері көбейіп барады.

    Музыканы сүю үшін оны тыңдай білу керек алдымен. Әйтеуір, елдің бәрі тыңдап жүрген ән екен деп, талғам-талаптан хабары жоқ, мағынасыз мәтіндерге мән бермейтін болдық. Үлкендер де той-жиындарда дауыстарын жер жарарлықтай қосып, әннің сөзін білмей-ақ, «хит» қылып жүр. Иә, құлаққа жағымсыз естілетін, мәні де, сәні де қалмаған әндерді жайбарақат отырып тыңдай беруге етіміз үйреніп кеткен... Фонограмманы айналдырып қойып, атағы шығып жүрген жұлдызсымақ әншілер де аз емес. Тыңдасаң керең болып қалғың келетіндей, сөзінің мағынасы, тіпті ұйқасы келмейтін әндердің көбейіп кеткені әншілердің өздерін ойландырады ма екен десеңші?

Қазіргі заманның әншілері музыка өнерін арзан атақ әперетін бизнес көзіне айналдырып алғандай. Тіпті, екінің бірі бесаспап болып алды ма, өзі жазады, өзі айтады. Мән-мағынасы жоқ әндерді тыңдаудан жастар да қалыс қалмауда. Сөздің шыны керек, әннің тек әуеніне ырғалып, еріп бара жатқандаймыз. Ең бастысы әуені ұнаса болғаны, сөзіне назар салып жатқандар қазір жоқтың қасы.

E183E950-E147-4262-8D23-61A910962E0A

     Ескісі қалады, жаңасы келеді. Десе де, сөз құдіретін ұғынатын халықпыз. Қазір қандай ән тыңдап жүрміз? Көбіне мән-мағынасы жоқ, түсініксіз, қайталама, жаргон сөзді әндер. Сонда ақындар қандай әннің мәтіндерін жазып жүр, әлде, тыңдарман шынымен талғамсыз ба? Осындай әндер қазақ әндерін жерге қаратып тұрғандай. Әншілердің бәрі емес, көпшілігі дейікші, осы деңгейге жеткізіп тұр.  

    Мәселен, бәрімізге танымал «хитмейкер» Қайрат Нұртас пен Аргонияның (лақап атының өзі түсініксіз) «Маскүнем» әнін бәріміз білеміз. Әннің әуені өзіне бірден тартады, естуге жағымды. Алайда, мәтіні қарын аштырады. Жаттауға оңай қайырма жолдарын оқып көріңіз:

Шапалақты ұрып қаспенен

Атқандай болдың мені таспенен

Көріп сенің сұлу көздеріңді

Кетіп қалды мына бас деген.

Жаратқандай сені басқа әлем

Өзіңе шынайы да рас күлем,

Махаббатың улайтын арақ болса,

Болайын сен үшін маскүнем.  

Әуендетіп оқып болсаңыз, сізге сұрақ: Мән-мағынасын түсіндіңіз бе? Бірі түсінсе, бірі бас шайқауы мүмкін. Көп адам енді ғана оқып жатса да таң қалмаймын. Қазақ тілі – ең бай, сауатты тілдердің қатарынан еді ғой. Қаспен шапалақ ұратыны қайдан шыққан сөз? Соңғы шумағында былай дейді:

Айтуынша мидың қиналатын былай өзің.

Тауысады өте жылдам жастарын көзің.

Бірақ шын сезіммен бәрі келер деп

Еске аламын жүрегімнің сөзін.

Әннің сөзін Қайрат Нұртас өзі жазыпты. Әрине, ол ақын емес, сондықтан әннің сөзіне емес, ұйқасына көп мән берген секілді. Жастар арасындағы жаргон, диалект сөздердің басын біріктіре отырып, жеңіл әзілге құрылған осындай әндер де тыңдарманның назарын өзіне аудартып, танымал болып жүр.

Назарларыңызға тағы бір хит әннің мәтінін ұсынамын:

Құдаларым билеп отыр дейді,

Құдашалар билеп отыр дейді.

Нағашы жұрт билеп отыр дейді,

Құдағиым билемейді дейді.

Ал класстастар қайда?

Менімен биле дейді, бұл «дискотека» дейді,

Денеңді бос ұста дейді, из девяноста дейді.

Ал жетпіс тоғыздар қайда?

   Бұл – тойда да, басқасында да хит болып жүрген «Бақай» тобы мен «Азия» тобының орындауындағы «Опмай-опмай» әні.  «Опмай» деген сөздің түп төркіні қайдан бастау алған?  Қазір осыған еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін есі кетіп билеп жүргенін көреміз. Ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптайтын әндер осыншалық көп таралуда. Демек, осындай әндер жарыққа шығып жатса, оларға сұраныс бар деген сөз. Егер тыңдаушы болмаса, бұл әндер де жарыққа шықпас еді. Сонда қазіргі жұртшылықтың талғамы соншалықты төмендегені ме?  Мұндай мағынасыз мысалдардың тізбектер қатарын тізіп отыру мүмкін емес шығар...  

Ән – көптің күш қосып бірігуінен туатын жалпылама өнер емес, жеке тұлғалардың еңбегі мен талғамынан туатын ерекше өнер.  Сондықтан ән қасиетін ұға білген арғы ата-бабаларымыз әншілерді жеке-жеке бағалап, әр әншінің дарынын тани білген. Қазіргі әншінің әнін естіп қарының ашқанда ескінің әндерін аңсайсың. Олардың сазды әуендерінің өзі көңілге нұр беріп, жүрекке жылу ұялатады.

974A0BF3-6A98-41D1-BD8E-51B8BCBFB867

     Кешегі Шәмшінің «Қазақ вальсінің королі» атануы жайдан-жай емес. Оның ән-күйі жазушының туындысы сияқты дәуірлермен тұтасып, халықпен бірге жасай береді. Мемлекетіміздің әнұранынан бастап халықтың үлкенді-кішілі жиын-тойларында айтылатын әндері де жетерлік. Сол кездің әндеріне не жетсін, шіркін!  

Әлемнің жарығын,

Сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін,

Жинадың сен маған.

Неткен керемет туынды! Бұл әлі де халық жүрегінен орын алған  Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған «Ана туралы жыр» әні. Баланың анаға деген шынайы құрметі, шексіз ризашылық сезімі, сағынышы музыканың өзінде қапысыз өрнектелгендей. Шәмшінің бұл әні әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, тебірене шырқалып жүргеніне жиі куә боламыз. Ана мен баланың арасындағы ыстық махаббат бар жерде әлі де шырқала бермек.

    Жаңадан шығып жатқан әндер көп-ақ. Дегенмен есті әндер жоқтың қасы.  Егер әнді тыңдаушы сөздің мағынасына мән беріп тыңдар болса, сапалы туындылардың жарық көруіне де үміт болар еді. «Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық»,- деп Абай атамыз айтқандай, әнші қауымы қандай ән орындаса да, патша көңіл көрерменнің көңілінен шықса болғаны. Танымы кең, талғамы биік бабалар салған өнерді қадірлеп, жандандырып, сол жолдан жаңылмасақ игі.

 Дана Құсайынова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале