18.02.2021, 17:01
Оқылды: 60

Әкенің жиналысқа келгені – қуаныш

Эльмира Тәженова, мұғалім,

Ақжайық ауданы:

63298AD6-1EA2-47C2-97C5-25936A321408

 – «Орал өңірі» газетінің 2021 жылдың 15 қаңтарындағы №4 нөмірінде тілші Гүлжамал Кенжеғалиеваның «Әкелер неге жиналысқа қатыспайды?» атты мақаласындағы жайт – дұрыс көтерілген мәселе. Қазіргі уақытта ата-аналар жиналысына әкелердің қатыспайтындығы қоғамдағы ең бір әлсіз тақырып десе де болады.

Жалпы, өз тәжірибемнен айтар болсам, ата-аналар жиналысы болатын күн біз үшін қонақ шақырғанмен бірдей. Бір сарынды болмасын деп ата-ананы қызықтыру мақсатында әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланамыз. Оқушыларға хабарлап, алдын ала айтып, тіпті балалардан «Ата-анаң үйде ме? Жол жүріп кеткен жоқ па?» деп сұрап аламыз. Жиналысқа бірі қалмай, түгелдей келгенін жақсы көреміз. Жиналыс белгіленген күні ата-аналарды күтіп, есік-терезеден қарағыштап, қайта-қайта сағатқа қарап, мазасыздана бастаймыз. Ата-ананың алды келіп, қалғандарын ұзақтау күтіп қалатын кездер де болады. Көбіне оқушылардың аналары келеді жиналысқа. Бірен-саран әкелер келгенін көрсек, кәдімгідей қуанып қаламыз.

Біз де өз тарапымыздан аналардан «Бала тәрбиесінде әкенің де жауапкершілігі бар, бір кезек неге әкесін жиналысқа жібермейсіздер?» деп сұраймыз. Сол кезде аналардың көбі әкелердің өздері барғысы келмей, түрлі сылтау айтатынын жасырмайды. Байқағаным, оқушыларға «Сенің әкең жиналысқа қатысты» деген сөз қуаныш сыйлайды екен.

Жүзі бал-бұл жанып, әкесі үшін марқайып, қуанып тұрған баланы көру – біз үшін де қуаныш. Бір жағынан, аналардың өздері де бүкіл жауапкершілікті мойындарына жүктеп алғандай. Алда-жалда бала тәртіп бұзса, «Әкесі білмей-ақ қойсыншы, айтпай-ақ қойыңызшы» деп баланың тәртіпсіздік жасағанын жылы жауып қоя салады. Не себепті әкелер жиналысқа қатыспайды? Өйткені әкенің мойнына баланың жауапкершілігі артылмаған.

Анасы әкесіне баланың үстінен шағым жасамайды. Әке мен баланың арасында байланыс жоқ. Ол баласына уақыт бөліп әңгіме айтпайды. Бір мезгіл «Балам, сабағың қалай?» деп сабағын қараса, әдетке айналар еді.

Ата-ана ретінде айтар болсам, мектептегі ата-аналар жиналысына көбіне үйден әкесі барып қатысады. Алғашқыда «Кілең әйел адамдармен отырамын ба?» деп барғысы келмей жүрді. Әкелері жиналысқа барса, қыздарым да қуанып қалады.

Былтырғы наурыз айынан бастап әлемдік пандемияға байланысты онлайн оқығанымызда, ата-аналармен байланыс үзіліп қалды. Сақаудың күйін, мылқаудың тірлігін кештік. Онлайн ата-аналар жиналысын өткіздік. Жиналыс деген аты болмаса, пайдасы болмады.

Әке – үйдің тірегі, асыраушысы, ақылшысы. Әке де отбасында өзін сыйлатуы, сыйлата білуі үшін жақсы қасиеттерімен баланы тәрбиелей алуы керек. Менің сыныбымда жауапкер-

шілікті түсініп, сезінетін әкелер баршылық. Олар жиналыстан қалмайды, тіпті вахталық әдіспен жұмыс жасап жүргендері телефон арқылы баласының жағдайын сұрап отырады. Бұл мені қуантады.

 Әділ Жоламанов,

облыстық мәслихаттың аппарат басшысы:

95627C0C-0272-4D86-83C3-DE634A9CAD9D

 – Ата-аналар жиналысына әкелердің қатыспауы шаруабасты болуынан деп ақтаймыз ғой. Әйтсе де, бұл нағыз енжарлықтың белгісі, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарау. «Шешесі бар ғой, не бітіреді?» деу. Әкелердің жиналысқа қатысуымен жауапкершілік күшейе қоймасы анық. Дегенмен әкелердің бала өміріндегі алатын орны бөлек. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. Алайда бәрі сол баяғы қалпында.

Әке беделі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап түсіп кетті. Өйткені қиын-қыстау заманда бала-шағасын асырау үшін алдыңғы қатарға ала сөмкесін арқалап аналар шықты. Ер адам жұмыс таппай, қиналып қалды. Осындай жайттардың бәрі отбасының алдында әке беделінің түсуіне тікелей әсер етті. Содан бері бұл жағдай өзгере алмай келеді. Отбасындағы әке беделі төмен болса, бұл жағдай үйдегі өсіп келе жатқан балаларға да әсер етпей қоймайды. Сөйтіп, ер бала да кейінге сырғып, билікті үйдегі қыздар мен болашақ келіндер алады.

Менің пайымдауымша, еліміздің барлық өңірінде келіндерге сәлем салдыруды енгізу керек. Бір келін өз сәлемімен бүкіл ауылды тәрбиелейді. Сол сәлемімен атасына деген, ер адамдарға деген сыйластығымен отбасының орнын анықтап береді. Содан кейін басында түйсігі бар ер-азамат өзін соған лайықты ұстап, балаларға дұрыс тәрбие беруге, жауапкершілікті сезінуге мүдделі болатыны даусыз. Бұл бағытта Теректі ауданында қызмет атқарған кезімде Дариға Мұштанова, Жаңабек Жақсығалиев сықылды танымал педагогтармен үлкен жиын да өткізгенбіз. Сол жиында көптеген салиқалы ой айтылды. Бұған бүкіл қоғам болып кірісіп, сәт сайын көңіл бөліп тұрмаса болмайды.

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале