Шаңғы тебу қысқы спорт түрлері ішінде ең көп таралғаны. Демалыс күндері туристік базалар мен қала маңындағы шағынаудандарда шаңғымен жорыққа шығу жиі ұйымдастырылады.
Орал қаласының «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы – белсенді демалыс-жорықтарын ұйымдастырумен айналысатын бірден-бір ұйым. Қазіргі уақытта мұнда экскурсиялық және танымдық сипаттағы бірқатар шаңғы маршруттарын ұйымдастыруда.
Осындай бағыттардың бірі өткен сенбіде жүзеге асты. Жорық Шаған өзені маңын бойлай С. Исаев атындағы халықаралық коллекциялық бақ-питомник және «Атамекен» балалар туризмі орталығы арасындағы маршрут бойынша өтті. Оған қатысушылардың арасында облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев, Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов,«Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазыбек Қабжан, блогер Нұрлан Сәдір болды. Сонымен қатар М. Мәметова музей-үйінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас ди-ректорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, С. Исаев атындағы халықаралық коллекциялық бақ-питомниктің директоры Қайрат Кәрімов, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев та шаңғыға тұрды.
Олардың сапына М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың проректоры Қажымұрат Ахмеденов, фототілші Рафхат Халелов, «7Live» жобасының жетекшісі Әлішер Ғұмаров, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер және экология туризмі орталығының директоры Айболат Құрымбаев та енді. Жорықшылар жеті шақырым жолды жүріп өтті.
Жорық бақ-питомникке экскурсиядан басталды. Аталмыш нысанның директоры Қайрат Кәрімов бақшаның қалай құрылғаны, қазіргі кезеңде қандай нәтижелерге қол жеткізілгені және алдағы жоспарлар туралы әңгімелеп берді.
Шара басталмас бұрын ұйымдастырушылар барлық техникалық қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, нұсқаулықтармен таныстырды. Демалыс күндері өткізілетін қысқы жорықтар туристік шеберлікті арттыру тұрғысында маңызды әрі пайдалы.
Андрей Санатов,
«Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының нұсқаушысы