18.02.2021, 19:58
Оқылды: 349

Ескі жақ ескерусіз қала ма?

Қазақ баспасөзінің ұранына айналған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бар. Аудан айнасы «Жаңарған өңір» газеті халықтың мұң-мұқтажын айтып, мәселелерін қозғап келеді. Аудан халқының сеніміне ие болған газетіміздің жаңа санында да тағы бір мәселені қаузамақпыз.

 жан1

Нақтырақ айтсақ, ел аузында «Шанхай» аталып кеткен аудан шетіндегі Бірлік, Мирманов, Қисық-Қамыс көшелерінің жолдары жөндеуді қажет етеді. Тазалығына да мән беру керек. Кезекті жұмыс күндерінің бірінде аудан тұрғыны Талғат Мұратов редакциямызға аяқтай келіп, өзі тұратын көшенің мұң-зарын бастан-аяқ баяндап берген болатын. Ескерусіз қалған ескі жақтың қазіргі жағдайын білу үшін барып көрдік. Расында, мұнда келген жанға «Бұл жақта адам тұра ма?» деген ой еріксіз келіп, саналы адамды қынжылтатыны анық. Себебі ойдым-ойдым, ми-батпақ көшелерден көлік түгілі, адам әрең жүреді. Мұндағы халық көшелердің жөнделіп, жарықты уақытылы қосылуын және көңіл бөлуін қалайды. Айтуларынша «Елу жылда ел жаңарса да, көшелеріміз мүлде жөндеу көрмейді» деп отыр. Жаңбыр жауған кездері бұл жақта көлік қатынасына қиындық келтіреді. Сәйкесінше оқушылардың сабаққа баруы да қиындай түседі.

жан2

Біз сөз етіп отырған ескі жақ ауылымыздың шетінде орналасқандықтан орталықтағы цифилизация бұл жақта жоқтың қасы. Жол қадірін жүрген біледі. Халықтың шымбайына бататын басты мәселесі де – осы.

- Біз тұратын көшелерге мүлдем көңіл бөлінбейді. Байырғы тұрғындар сол себепті көшіп кетіп жатыр. Халықтар Достығы көшесіне асфальт төселген, ал біздің Қисық-Қамыс, Бірлік, Мирманов көшелеріне келгенде асфальт салу жұмысын тоқтатып тастаған. Не себепті? Жаңбырлы кезде көшемізге су жиналып, қатты балшық болады. Көліктер батып қалатындықтан балшықтан қашып, үйімнің қасына, тіпті тереземе дейін тақалып өтеді. Балшық күндері біздің мекенге таксилер жоламайды. Ал жарық мәселесіне келер болсақ, сағат түнгі 00:00-ге дейін жанады. Одан кейін жарық өшеді. Жарық шамдары түнде жанбағанда қашан жанып тұрады? Көше қараңғы болып, бұлай жалғаса берсе, бірте-бірте ұрлық мәселесі орын алуы мүмкін. Жарықты жарқыратып, жолға асфальт салса, қуанар едік. Бұл көшелерде де адам тұратынын ұмытпаса екен, - дейді Бірлік көшесінің тұрғыны Талғат Мұратов.

жан4

Жергілікті тұрғындар жаңбыр жауған кезде көшедегі балшық пен лайсанға толы жолдан қашан ада болып, ел қатарлы емін-еркін қатынаймыз деп абыржулы.

- Осы ауылда тұрғаныма биыл 40 жыл толады. Сол жылдардың ішінде ескі жаққа басшылық тарапынан ешқандай көңіл бөлінбей келеді. Ең болмаса ауылдық округ әкімі мен санитарлық-эпидемиологиялық станция көшеміздің тазалығын тексеріп қарамайды. Мысалы, менің үйімнің қасында енемнің үйі болды. Олар көшіп кеткеннен соң бірнеше адам тұрды. Апатты жағдайдағы үй деп танылғасын соңғы иесіне Болашақ ықшам ауданынан үй берілді де қираған үй сол күйінде қалды. Басшылардан қайыр болмағаннан кейін көршім Демеуов Абат екеуміз өз қаражатымызға көлік жалдап, қоқыстарын шығардық. Қазір тап-таза етіп қойдық. Ал тұрғындар болса, біздің көшеге қоқыстарын, малдың тезектерін шығарады. Осыларды келіп тексермейді. Тәртіп орнату керек. Тазалық қайда? Ең болмаса, осыған көңіл бөлуі керек қой. Қатқыл табанды жол болмаса да, шебін төсеп, биіктетіп берсе дейміз. Жаңбыр жауған кездері біздің жақта адамдар шығып жүре алмайтындай балшық болады. Мектепте оқитын балаларымыз бар, соларға да қиын, сабаққа қатынаса алмайды. Басшыларға тазалық тек ауданның орталығына және жаңадан салынып жатқан жаққа қажет сияқты. Бізге тазалық пен тегіс жол керек, - дейді Қисық-Қамыс көшесінің тұрғыны Маншүк Мутиева өзімен қоса тұрғындардың да жанайқайын жеткізіп.

жан5

Бейбіт елде өмір сүріп жатқан тұрғындардың бейнетін айтып, жауапты мекемелерге бас сұғып, жол мәселесінің мән-жайын біліп қайттық.

- Осы бөлімге басшы болып жақында ғана тағайындалдым. Бұған дейін асфальттың жасалмай келуі қаражаттың бөлінбей келуімен түрлі жағдайлар болған шығар. Биыл 2021-2025 жылдарға арналған жоспарда қаражат мәселесі шешілсе, Жаңақала ауылының батыс жақ бөліктің ауылішілік жолдарына, Көпжасар, Қырқопа, Пятимар ауылдарының кірме жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бар. Бұл жоспарға қосымша тағы жоба бастайын деп отырмыз. Бюджеттік нақтылаудан қаражат сұрап, Жаңақала ауылының кірме жолына және 1 мамыр, Мирманов, Бірлік көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеуді бірінші кезекке қойдық. Аталмыш көшелердің қатарына Қисық-Қамыс көшесін қосып жатырмыз. Ескі жақтың ескерусіз қалып жатқандығы туралы көп айтылып жүргенін білеміз. Балшық болатынын көріп отырмыз. Осыған жобасын жасап, орташа жөндеуді биыл аяқтауымыз қажет. Бұл жоба міндетті түрде басталады. Келесі жылы құрылысына қаражатын сұраймыз. Биыл оны жасау мүмкін емес. Өйткені жобалық-сметалық құжаттарының өзінің жасалатын уақыты бар. Одан кейін оны сараптамадан өткізеді. Күзге дейін жасап шығарып, келесі жылы құрылысын бюджетке ұсынамыз. Сондай-ақ жаяу жүргінші жолын салуды жоспарлап жатырмыз. Аудандық бюджетке ұсыныс беріп, мүмкіндік болса, биыл жасап тастаймыз. Егер қаражатты аудандық бюджет көтермесе, міндетті түрде келесі жылы жасаудың жолын қарастырамыз, - деп жауап қатты аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратов.

Одан әрі ауылдық округ әкімі Абзал Ахметовқа тұрғындардың білдірген шер-шеменін сол қалпында жеткізген едік:

- Ауылда 56 көшенің 11-інде асфальт жоқ. Аудан әкімі есепті кездесуде биыл 7 көшеге асфальт салынатынын айтқан болатын. Ал сіз айтып отырған көшелер бұл тізімде емес. Бірақ жол салуды жоспарға енгізіп қойдық. Барлығы қаражатқа байланысты. Алайда мен ауылдық округ әкімі ретінде әр көшеге бір адамнан белгілеп қойып, уақытылы тазалау жұмыстарын жүргізіп, қадағалап отырамыз. Жаңбыр, қар жауып, жолдары бүлінсе, барып жолдарын қырғызып, тазалатып отырмыз. Жарық мәселесіне келер болсақ, барлық жерде сағат 00:00-ге дейін жанады. «Жарық міндетті түрде керек, ұрлық болады» десе, сол үш көшеге таңғы мезгілге дейін жарық қосып берейін, - деп жауап берді ол.

P.S:

«Ауылы бірдің – ауызы бір» демекші, бір ауылда ғұмыр кешіп отырғасын барлық тұрғынның жағдайы жақсы болса екен деген ниет бізде. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, ескі жақтың тұрғындары сол байлыққа жататынын ұмытпайық! Жауапты жандар халықты құрғақ уәдемен қайтармай, алдағы уақытта нақты әрекеттер жасайды деген сенімдеміз...

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале