Жүрсін Ерман. Бұл есімді естігенде есіңізге бірден айтыс түскен шығар. Солай болуы тиіс те. Жүкең атамұра өнерге еңбегін, қажыр-қайратын ғана емес, тұтас өмірін арнап жіберді. Сөйтіп, айтыстың синониміне айналды.
Ақпан айының 12-сі күні ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жүрсін Ерман 70 жасқа толды. Айтыс деген алып қақпаның алтын топсасындай болған Жүкеңнің тойы деп, ақын біткен Алматыға құйылды. Аспанбек ақын айтқандай, «Алматыға ерекше ақпан келді, Ақ қарменен қосылып ақын жауған»
***
Бала күнімізде айтысты Джеки Чанның киноларынан кем күтпейтін едік. Айтыстың басталуы да ерекше еді ғой. Түркештің «Көңілашары» ойнай бастайды. Домбыра мен дауылпаздың үні жан дүниеңді дүбірлетіп жібереді. Көңіл табағыңа теңіз төңкеріліп кеткендей күй кешесің. Жүкең сөздің сардарларын сахнаға шақырады. Майдан басталады. Экранға ентелейсің. Үйде емес, Республика сарайында отырғандай желпінесің келіп.
- Шіркін, біз де айтыссақ қой. Жүрсін Ерман біздің де атымызды атап, сахнаға шақырып жатса! – деген арман оянды жүректе. Сол арман адастырмай айтыстың қайқы қылышы, өз ағамыз Бауыржан Халиолланың алдына алып барды. Баукең ертті, еруге жарамаған тұсымызда сүйреді.
2015 жылдың көктемі еді. Бауыржан Халиолла Атырау қаласында шығармашылық кешін берді. Жарқынбек Шынтаев екеуімізді сол сапарында Атырауға ертіп апарды.
- Жүкең келеді. Сендерді алдынан өткізем! – деді.
Кеш өткізетін адамның шаруасы шаш-етектен емес пе? Оның үстіне арғы күні Бәукең Жеңістің құрметіне болатын жыр бәйгесінде түркістандық Бекарыс Шойбековпен айтыспақ. Қонаевқа арналған додада Исатайдың Ақтабанындай дара шауып, «Нұр Отан» сенен не пайда?» - деп сұрақ қойған Бауыржан Халиолланың үш жылғы үзілістен кейін сахнаға шығуы еді бұл. Бұл күнді Бауыржаннан бұрын оның жанкүйерлері көп күтті.
– Ертең «Халық қаһарманымен» айтысамын! – деп ащы әзілдеп қояды Бекарыс ағамыз да.
Сағаттың тілі жүрегінің түбінен тықылдаған сондай сындарлы күндерінде Бәукең бізді ертіп жүрді. Басыма сор болды деген жоқ. Шын ұстаз осындай болса керек-ті. Ақыры, Жүкеңмен жүздестірді. «Қазақстан» қонақ үйіндегі бөлмеде Жарқынбек екеуіміз Ерманов берген тақырыптарға кезек-кезек өлең шығардық. Ол тыңдап отырды.
- Жақсы балалар екен. Алдағы уақытта айтыстар болса, қосамыз ғой. – деді.
Ұстазымыздың ұстазымен біз солай кездескен едік.
***
Жүкеңнің 70 жылдық тойына шақырту алғанда, осы сәттер көз алдымнан жүгіріп өтті. «Атаң барда ел таны еріп жүріп» - дегендей кейін де Бауыржан ұстазымызға еріп жүріп, талай айтысқа бардық, талай елді көрдік қой. Бірақ, сол жарқын кездесудің жарқыншақтары әлі жылтырайды санада.
Алматыға да бізді, яғни ақындар Жансая Мусина мен Талғат Мықи үшеуімізді Бәукеңнің өзі бастап барды. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының, Қазақстан Жазушылары Одағының БҚО филиалының директоры, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының Батыс аймағы бойынша төрағасы Бауыржан Халиолла Жүрсін Ерманды мерейлі 70 жасымен құттықтап, оған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің құттықтаухаты мен ат-шапан аманатын тапсырды. Жылы рәуішті жүздесу ақынның шаңырағында өтті.
Қалам қазығында байланып отырмай, қазақтың атамұра өнері - айтысты жаңа ғасырға жеткізген қайраткер ақын Жүрсін Ерман Ақжайықтан жеткен ақ сәлемге қуанып қалды. Мерейлі жас иесі өз сөзінде ұлт руханиятына сіңірген еңбегін бағалаған өңір басшысына алғысын білдірді.
***
Тойдың тағылымы деген болады. Жүкеңнің тойынан да жақсыларды көріп, жақсы сөздер естіп, тәлім түйіп қайттық.
- Алаш деп қаққан қазығыңызға ат байлансын! – деді журналист, сенатор Нұртөре Жүсіп. Қазақ әдебиетінің жұлдызы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің: «Жүкең – заманының тірі ақыны, Ұлытаудың ұлы ақыны, айтыстың кураторы» - дегені қандай әдемі, қандай дәл? Әйгілі Айтман Светқали ақынның «Жүкең мен Бақытжамалдың (ақынның жары ғой) жеке өмірі жоқ сияқты» - дегені ше?
Бұл тойдың нағыз сыйлығын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан және Жүкеңнің шәкірті, ақын Бауыржан Халиолла жасады. Бұл үштік «Жүрсін – жыр!» атты жинақ құрастырыпты. Ішінде Жүрсін Ерманға арналған жырлар мен Жүкеңнің өзі жазған арнау өлеңдер топтастырылған.
Жүрсіннің тойы жырсыз, ақынның тойы айтыссыз болады ма? Айтыс өлмесін, ақын өрлесін деп алқынып жүрген меценат, бизнесмен Дулат Тастекеев Жүрсін Ерманның 70 жылдығына орай 48 ақынның арасынан мықтыны анықтайтын «ASSYL DOMBYRA» атты жаңа жоба бастады. Ақынның туған күнінде алғашқы 8 жұп айтысты. Жайықтың Жансаясы жобаның финалдық кезеңіне өтті.
***
Иә, Жүрсін Ерман Ұлытаудың ғана емес, ұлы даланың ұлына айналды. Қазақтың қай төрінде де оны аты мен атағы қарсы алады. Әр қазақ оны туғанындай көреді.
Бұл Жүрсін - «Қазақтың кең даласын кезіп қайт деп, Ұшырдым балақбауын шешіп жырдың!» - деген Жүрсін. Ол жыр қазақ көгінде самғай бермек.
Бұл Жүрсін – Сырымның сары даласында туған Бауыржан шәкіртіне «Көздеріңнің ұнайды оты маған, Отсыз сөніп қалмай ма ақын адам» - деген ұстаз Жүрсін. Біздің Қадыр ақынға да:
Ғайбаттайды сені әлі, дуылдайды,
Жырдан бірақ жүрегің суынбайды,
Бар жазығың – тірісің,
Өліп кетсең,
Ұлы ақын деп бәрі де шуылдайды. – деп батырып айтқан Жүрсін еді.
Жүкең – тек ақын ғана емес, тауып айтатын «автомат» ауыздың иесі. Ел ішінде оның «деген екендері» көп.
2019 жылы Жымпитыда республикада тұңғыш рет Ж.Ерман атындағы айтыс мектебі ашылды. Салтанатты ашу рәсімін Жүкең мен Алаштың абызы Асанәлі жасады.
Сол кезде ғой Жүкеңнің:
- Атымда әйелім мен баламнан басқа ештеңе жоқ еді. Енді мектеп бар! – деп жұртты ду күлдіретіні.
Бұл Жүрсін – «Сені ешкім де жоя алмайды айтысым, Ең алдымен бізді жоқ қып өлтірмей!» - деген қазақтың Жүрсіні! Сол Жүрсін аман жүрсін!
Бауыржан Ширмединұлы,
Алматы - Жымпиты