6.06.2026, 10:00
Оқылды: 11

Сырымда өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды

Оқу-жаттығу Сырым ауданының №14 өрт сөндіру бөлімшесінің бекетінде аудан әкімінің орынбасары Арман Гумаровтың және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен өтті.
d5a5e2f8-a67a-4318-9a0b-1684fc9ce386
Іс-шара барысында тілсіз жаудың алдын алу жолдары теориялық және практикалық тұрғыда түсіндірілді. Аудандық өрт сөндіру бекеті басшысының уақытша міндетін атқарушы Жастілек Болатов өрт қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт туындаған кездегі алғашқы әрекеттер жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Жиында аудандық өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық базасы және жалпы жұмыс жағдайы таныстырылды. Сонымен қатар шалғай елді мекендерде өрт оқиғасы орын алған жағдайда өрт сөндірушілер жеткенге дейін ауылдық округ әкімдері мен жергілікті тұрғындардың қолда бар техника мен құралдарды пайдалана отырып қалай жедел әрекет ету керегі айтылды.
c5214cc5-c9a5-40d8-828c-f91a8502a981
Оқу-жаттығу барысында дала өрттері кезінде ең алдымен атқарылуы тиіс шаралар, қауіпсіздік талаптары және желдің бағытын ескере отырып жұмыс жүргізу тәртібі түсіндірілді. Бұдан кейін өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері практикалық көрсетілім ұйымдастырып, өртті оқшаулау мен сөндіру тәсілдерін көрсетті.
Жиын барысында дала өрттерінің шығу себептері де талқыланды. Бұл жөнінде Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев пікір білдіріп, өрт оқиғаларының басым бөлігі егістік пен шабындық алқаптарында жұмыс істейтін техникалардан туындайтынын атап өтті.
d379fd67-befd-4ed0-a498-f838f7614523
– Дала өрттерінің 99 пайызы егістік пен шабындықта жүрген тракторлардың әсерінен орын алады. Қазіргі таңда заманауи техникалардың қатары көбейгенімен, ескі техникалар да аз емес. Мысалы, біздің округте соңғы жеті жыл ішінде бірде-бір техникаға техникалық тексеру жүргізілмеген, тиісті хаттамалар толтырылмаған. Ескі техникалардың түтін шығаратын құбырынан шыққан кішкентай ғана шоқтың өзі үлкен өртке себеп болуы мүмкін, – деді ауыл әкімі.
Аудан әкімінің орынбасары Арман Гумаров округ әкімінің сөзін ескеріп, жауапты сала мамандарына тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале