5.06.2026, 18:00
Оқылды: 10

«Ұмытпа, қазақ!» – ұлтқа үндеу

Таяуда «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер  ақын  Аспанбек Шұғатайдың «Ұмытпа, қазақ!»  атты жеке шығармашылық кеші өтті.

DSC00116

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен рухани кешке өнерсүйер қауым көп жиналды. Кеш шымылдығы жасанды интеллектінің көмегімен дайындалған бейнероликпен түріліп, ақынның елдік рухты, ұлттық құндылықтарды арқау еткен өлеңдері оқылды. Іс-шара барысында Аспанбек Шұғатай өзі сөзін жазған «Қайтадан тірілдім», «Баянауыл», «Ұмытпа, қазақ», «Ескі үйім», «Көкпар», «Менің атым – Қазақстан» секілді әндерін орындап, көрерменге поэзиялық композициялар ұсынды.

Шығармашылық кештің ерекшелігі – ақын туындыларының мазмұны заманауи технология мүмкіндіктерімен ұштастырылуында. Ұлттық рух пен тарихи жадыны жаңғыртуға арналған кеште көрермендер әсерлі жыр мен ақын толғауларын тыңдады. Республикалық байқаулардың лауреаты Ерлан Қуанышев Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Махаббат аспаны» және Ержан Жұмабектің сөзіне жазылған «Өмір, өмір» әндерін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп, іс-шара көрігін қыздырды. Сонымен қатар «Дүние-ай», «Мына жақта бір қазақ» термелері шырқалып, ұлттық өнердің өрісі кеңінен насихатталды. Аспанбек Шұғатай жыр арнаған сәтте көрермен залынан сөз қағысуға ақжайықтық ақындарды шақырды. Қара домбырасын қолға алып, жас айтыскер ақын Бекзат Баян көп ішінен сахнаға көтерілді. Бұған дейін жыр бәйгелерінде жұлдызы оңынан туған жас өреннің сөз саптауы көрермен көңілінен шықты. Аспанбек ақын Ақ Жайықтың алтындай баласына болашақта «Алтын домбыра» иегері атануына тілек білдірді. Өңірімізге келген айтыскерге ақын інілері де құрмет білдірді. Белгілі жас айтыскер Орынбек Меңдіқұлқызы Тұмардың тұсауын кеш иесіне қидырды.

DSC00089

Ақынның шығармашылығындағы елдік мұрат, ұлт тағдыры, тарихи жады мен отансүйгіштік тақырыптары кештің өн бойынан көрініс тапты. Кеш соңында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев сөз сөйлеп, Аспанбек Шұғатайдың қазақ руханиятына қосып жүрген үлесін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.

– «Ұмытпа, қазақ!» – кештің атауы ғана емес, ұлтқа айтылған үндеу. Азаттық жолында құрбан болған бабалардың ерлігін, халқымыздың басынан өткен қилы кезеңдерді ұмытпау – әр буынның парызы, – дей келе, ақынның иығына шапан жауып, Ақ Жайық өңірінің жұртшылығы атынан тақымына  тұлпар  тосты.

DSC00090

Ұлттық рухты асқақтатқан, тағылымы мол шығармашылық кеш көрерменге ерекше әсер сыйлап, рухани әлемін байыта түсті.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале