Орал қаласында ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұрат Жұмашевты еске алуға арналған грек-рим күресінен 2012-2013 ж.т кіші жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткізілді.

Алматы, Ақтөбе, Шалқар, Қызылорда,Атырау, Орал қалаларынан, сонымен қатар “Жұмашев”, “Бірлік”, “Жекпе жек” спорт клубтары мен Бәйтерек, Казталов, Бөрлі,Шыңғырлау, Тасқала аудандарынан жалпы саны 200-ге жуық спортшы қатысты. Аталған сайыста Теректі ауданының спортшылары да бақ сынады. Ойын нәтижесінде теректілік балуандар бірқатар жүлде қорымен қоржындарын толтырды.

Арлан Аманқұл 35 келі, Арсен Есет 38 келі, Санжар Жақсыбеков 52 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, 1-орынды қанжығасына байласа, Ералы Тлепқали 35 келі және Ислам Төлегенов 41 келі салмақ дәрежесінде тартысты ойын көрсетіп, 2-орынды иеленді.
Бұл жағымды жаңалықпен жаттықтырушылардың бірі - Айдын Сулейманов бөлісті. Спортшылардың жеңіс тұғырына көтерілуіне септігін тигізген бапкерлердің қатарында Рахымжан Қазиев те бар.
Жалпы командалық есепте Орал қаласы 1-орын, Ақтөбе қаласы 2-орын иемденсе, Теректі ауданы 3-орынға табан тіреді.
Жүлде қорын табыстау сәтінде жеңімпаздар арнайы белдікпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Үздік атанған спортшылардың бапкерлері де сыйлықтан кенде қалмады.