Облыста ветеринариялық бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық туралы хабар тағы да қоғам талқысына түсті. Заңгер әрі қоғам белсендісі Бауыржан Зәки әлеуметтік желідегі парақшасында Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысы пара алу күдігімен ұсталғаны туралы ақпарат жариялады.

Белсендінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусым күні Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысы шаруа қожалығы өкілінен заңсыз сыйақы алу кезінде ұсталған. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау шараларын Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр. Бауыржан Зәки жариялаған деректерге сәйкес, gov.kz порталындағы ақпарат бойынша Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысы – Абылай Мұқаев. Аталған мекеме облыстық аумақтық инспекциясына бағынышты. Ал орталық мемлекеттік құрылым ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті көрсетілген.
Қоғам белсендісі ветеринария саласы жемқорлық тәуекелі жоғары бағыттардың бірі екенін атап өтіп,бұған дейін осы салада тіркелген бірқатар сот үкімдерін мысалға келтірді.
Атап айтқанда, 2024 жылғы 19 қыркүйектегі сот үкімімен Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Ястауи Мұсағалиев Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 24 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Сот материалдарына сәйкес, ол шекара арқылы ет және мал тиелген көліктерді заңсыз өткізу үшін 400 мың теңге көлемінде пара алған.
Сол күні шығарылған тағы бір үкім бойынша облыстық аумақтық инспекцияның ветеринариялық инспекторы Талғат Айсиев те жазаға тартылды. Тергеу барысында оның шекара арқылы ет және мал өнімдерін заңсыз өткізуге жәрдемдескені үшін 130 мың теңге алғаны дәлелденіп, нәтижесінде оған 7,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ал 2025 жылы 29 қыркүйекте облыстық ветеринария басқармасына қарасты Бөрлі аудандық ветеринариялық стансасының директоры Жанболат Махмудовқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 20 бас жылқыны заңсыз тіркеуге байланысты 200 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.
Бауыржан Зәки өз жазбасында аталған қызметкерлердің тікелей басшыларының жауапкершілігі мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, мемлекеттік құрылымдардағы сыбайлас жемқорлық фактілері анықталған жағдайда тек құқықбұзушылық жасаған тұлғалардың ғана емес, басқарушылық жауапкершілік жүктелген басшылардың қызметіне де тиісті баға берілуі қажет.
Қазіргі уақытта Орал қалалық аумақтық инспекциясы басшысына қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті құқықтық шешім соттың қарауынан кейін белгілі болады.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»