19.02.2021, 13:05
Оқылды: 87

Гимназия қалай ашылды?

1994 жылдың шілде айының соңы болатын. Мені аяқ астынан аудандық білім бөліміне шақыртты. Білім бөлімін ол кезде Бақтығали Қоспаев басқаратын. Қасында мектеп инспекторы Ермек Құрманғалиев отыр екен. Мен келген бойда: «Дәулетжан Абдрахманұлы, аудан орталығынан мектеп-гимназия ашпақ ойымыз бар. Бұл сияқты жаңа бағыттағы оқу орындарының алғашқы үлгілері облыс орталығында, Зеленов ауданында қолға алынған. Шынын айтсақ, жаңа тұрпатты мектептің қалайша жұмыс істеу керек, оқу-әдістемелік бағытында бағытында қандай өзгешеліктері барын өзіміз де әлі толық түсініп алғанымыз жоқ. Осыған сіздің келісіміңіз керек. Келісім берсеңіз, онда аудан әкіміне ұсыныспен шығамыз», - деді.

 WhatsApp Image 2021-02-17 at 18.44.00

Бұл ұсыныстың тосын болғаны өз алдына, жаңа тұрпатты мектеп-гимназия деген атауының өзі адамға терең ой салатыны белгілі. Жаңалыққа деген құлшыныс, тыңнан түрен салуға деген қызығушылық батыл шешімге келіп, нақты жауап беруіме ықпал етті. Келісім бердім.

Сол-ақ екен, 1 тамыз күні мені мектеп-гимназияның директорына тағайындау туралы бұйрық та шығып үлгерді...

Мектеп-гимназияға аудан орталығында жабылып қалған №4 балабақшаның ғимараты берілді.

Білім бөлімінің меңгерушісі мен инспекторы үшеуміздің көз алдымызда қаңырап тұрған ғимарат, бір бөлмесінде бұдан бұрын таратылған №3 орталау мектебінің үйіліп дүние-мүлкі жатты.

WhatsApp Image 2021-02-17 at 18.44.01

Арада 4-5 күн өткенде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып Гүлсім Айтқалиева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып Максим Үмбеталиев тағайындалды. Жаңа оқу жылы жақындап қалды, шұғыл түрде қажетті мұғалімдерді тағайындау керек болды.

Ол кезде бұл оңай іс емес еді. Мұғалімдерді іріктеу жұмысы аудан орталығындағы қазақ орта мектебі мен таратылған орталау мектептен жүргізілді.

Жаңа тұрпатты мектепке, таласы жоқ, тәжірибелі, білікті ұстаздар шақырылуы тиіс. Өз мектебінде үздіксіз ондаған жылдар еңбек етіп,  орнығып қалған маңдайалды танымал ұстаздардың болашағы беймәлім, өмірге жаңадан аяқ басқалы тұрған гимназияға оп-оңай келісім беруі, шыны керек, қиын мәселе болары анық еді. Білім бөлімі басшылығымен бірлесіп түсіндіру, ұғындыру арқылы балаларымыздың болашағы үшін қиындық пен жауапкершіліктен қорықпай, өзімізді үлкен сынақтан өткізу міндеті тұрғандығына көздерін жеткізудің нәтижесінде негізгі пәндерге қатысты мұғалімдердің алғашқы легін жасақтауға қол жеткізілді.

WhatsApp Image 2021-02-17 at 18.44.02

Сөйтіп, 10-11 тамызға қарай Мәруа Нұрғалиева (биология), Қалида Айтқазиева, Гүлнәр Ламашева (бастауыш) Жансұлу Ғабдуллина (математика), Ләззат Темірханова (қазақ тілі), Светлана Оразова, Орынша Жақсылықова (ағылшын тілі), Ақжонас Гумарова (бастауыш), Асылзада Иманғалиева, Гүлнара Қапшанова (орыс тілі), Асылан Хамзин (дене шынықтыру), Кенжебек Айтқалиевтей (еңбек) ұстаздарға бұйрық беріліп, гимназияға ауыстырылды. Кейіннен басқа да қызметкерлер жұмысқа кірісті.

Бастапқы кезде гимназияда 6 класс болуы керек деп шештік. Оқушылар конкурс арқылы қабылданып, әр кластағы  балалар саны 15-20-дан аспауы тиіс. Бірінші класс алғашқы жылы болған жоқ, яғни 2, 3, 4, 5, 6, 7 кластар ғана жасақталды, өйткені 8-10 кластар аралығында оқушылардың басым бөлігінің оқуға деген ынтасының төмендейтіндігі, кластар жоғарылап, пәндер қиындаған сайын жақсы оқитындардың саны да азаятыны белгілі. Сондай-ақ оқушыларды қабылдау қазақ мектебі және Жайық орталау мектебінен жүргізілді. Есімде қалғаны – 7 класқа бар болғаны 13 оқушы қабылдадық, олардың ішінде орташа оқитындар да бар болатын. Осының өзінен-ақ  оқушылар құрамын жасақтау ісінің де оңай болмағандығы анық көрініп тұрды.

Алғашқыда қиындық көп болды. Оған біз дайын да едік. Бір ғана мысал – гимназияға берілген балабақша ғимараты мектеп үшін өте қолайсыз болатын. Өйткені балабақшада екі бөлме бір-бірімен байланысты: ойнайтын бөлме және ұйықтайтын бөлме. Сондықтан бір класқа бару үшін сабақ өтіп жатқан екінші кластың үстінен өтуге мәжбүрсің. Ортадағы есік жұқа болғандықтан, екінші кластағы сабақ пен оқушылар сөздері естіліп жатады. Спорт залы мүлде жоқ. Тәрбие-көпшілік шаралар, жиналыстарды шағын ғана залда өткізіп жүрдік...

Жаңа тұрпатты мектепте бәрі де жаңаша өзгеше болуы тиіс екендігін алғашқы күндерден-ақ ұстаздарға да, оқушыларға да ұғындыруды ең басты міндет деп санадық. Оқушыларымызға: «Сендер – гимназистсіңдер. Ендеше, жүріп-тұруларыңыздан бастап, сөйлеу мәнеріңіз, тәртібіңіз, тәрбиеңіз, адамдармен қарым-қатынасыңыз, қоғами ортада өздеріңізді ұстауыңыз ерекше, өзгеше болуы тиіс» деген талап, міндет қойылды. Өздерімізге де жаңа міндет-талаптарға сай болуы үшін көп ізденіп, көп оқу, шығармашылықпен еңбек ету қажет еді. Сондықтан да мектеп басшылығы облыстық білім басқармасымен тығыз байланыс орнатып, Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ мектеп-интернатының, №21 және №35 орта мектептердің, Зеленов ауданы орталығындағы Переметный орта мектебінің гимназия кластарының іс-тәжірибесін зерттедік, үйрендік. Осылайша қаражат көзі табылып, оқушыларға тамақ беру ұйымдастырылды. Сондай-ақ кейбір тағам түрлерін сатуға шығарып тұрдық. Балабақшадан қалған шағын асхана жабдықтарын тиімді пайдалану нәтижесінде тұрғындарға залды мерейтойлар өткізуге жалға беріп, табыс таба бастадық. Сұраныс та көбейе түсті.

ағай

Бүгінде жаңа тұрпатты мектептің ауданымыздағы алғашқы қарлығашы саналатын Абай атындағы мектеп-гимназиясы оқушыларының білім деңгейі 3 жыл бойына республикаға оны танымал етті.

Облыс бойынша алғашқы бестіктен  тұрақты  көрініп келеді.

Бұның дәлелі – гимназия түлектерінің Астанадағы Л.Гумилев атындағы  Евразия ұлттық университеті, Қазақ медициналық академиясы, Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университеті, Ресей, сондай-ақ еліміздің басқа да жоғары оқу орындарына грант иегерлері ретінде білім алып жатқандығы.

Бұл – ауданымыздың ғана емес, облысымыздың да мерейі.

Болашақта да гимназияның алар асуы, бағындырар биігі көп боларына сенемін.

 

Дәулетжан Жақсыбаев,

Мектеп-гимназияның алғашқы директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале