24.02.2021, 16:12
Оқылды: 23

Казталовта «Қайырымды істер марафоны» басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы бастау алғандығы белгілі. Еліміздің түрлі әлеуметтік топтағы азаматтары мен көмекке мұқтаж отбасыларға қолұшын созып, туған жерінің көркеюіне атсалысамын және бастау алған игі шараларға өз үлесімді қосамын деген ізгі ниетті жандарды тоғыстыратын жоба Қосөзен еліне де келіп жетті.

 каз2

24 ақпан күні Казталов ауданында Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Казталов ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов және бірнеше дербес бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ерікті жастар қатысты.

Жобаның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы жобаның маңыздылығын тілге тиек ете отырып, аудан тұрғындарын игі бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.

каз1

- Бұл жоба қоғам үшін маңызды бастама. Өткен жылы еріктілеріміз аудан тұрғындарының мұқтаждығын қамтамасыз ете отырып, пандемиямен күресте алдыңғы шептен табылды. Бұдан бөлек кәсіпкерлеріміз бен әр жылғы мектеп бітірген түлектер туған жерлеріне түрлі нысандар салып беріп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қолдау көрсетті. Жомарттық пен мейірімділік танытқан барша азаматтарға аудан жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін. Елім, жерім, халқым деген азаматтың ісі осындай болмақ керек. Дана халқымыз адамгершілік пен мейірімділік ұғымын жоғары бағалаған. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған жоба да қайырымды жандардың даңқын асқақтатары, көмекке мұқтаж жандардың көңіліне қуаныш сыйлары хақ. Осы орайда «Жақсылық жасау – әр адамның ісі» деген ұранмен барша аудан тұрғындары мен кеңпейілді азаматтарды игі жобаға үлес қосуға шақырамын, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Салтанатты шарада жоба тізгінін Казталов ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов қабылдап алды. Ауыл әкіміне «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының есеп кітапшасы табысталды. Казталов ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов жастар мен меценаттарға өз ризашылығын білдіріп, ауыл тұрғындарына қайырымды істер атқаруға үндеу жасады.

казх4

- Жалпыұлттық жоба мейірім мен жомарттық ұғымының адам өмірінің биік сатысы екендігін айқындайды. Ауданымызда көмекке мұқтаж жандар қатары аз емес. Бүгін бастау алып отырған жоба сол жандардың жүрегіне үміт ұялатары хақ. Сонымен қатар қайырымды азаматтарымыздың тек тұрғындарға ғана емес, туған жерге деген патриоттық сезімнен туатын игі жұмыстары да қолға алынатындығы сөзсіз. Жоба шеңберіндегі жақсылық жасауға асығатын азаматтарға алғысымды білдіремін, - деді ауылдық округ әкімі Арман Ғалымов.

каз6

Жобаның ашылу салтанатынан соң ерікті жастардың қолдауымен Казталов ауылдық округінің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қажетті деп табылған жиһаздар мен мүгедектерге арналған таяныш табысталды. Тұрғындар да қолдау көрсеткен жандарға алғысын жаудырып, ізгі ниетті тілегін жеткізді. Жалпыұлттық жоба маңыздылығына орай өзге де ауылдық округтерде жалғасын таппақ.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале