25.02.2021, 10:46
Оқылды: 29

Болсыншы дәрігердің бәрі осындай

Ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң ауру-сырқау болмай тұрмайды. Аурудың ең алғашқы сүйенерi, бiр Алладан соң құтқарушысы қашанда – дәрiгер екендiгi рас. Егер дәрiгер iсiне шын берiлген, жүрек жылуы бар жан болып кездессе – ауруға дауа, емi шипалы болары анық.  Ал емханаға қашан келсең де, келушілерден бір арылмайды. Бірі тісі қақсап, асыға жетсе, енді бірінің қан қысымы көтеріліп, қалпына түсіремін деген үмітпен келіп отыр. Әрқайсысының сенері – есіктің ар жағында науқастарды қабылдап отырған дәрігер.

7F01C8BF-5C69-42BC-AAA2-26906133BE5A

Талдырмаш, қараторы, бiлiктi де бiлгiр, инабатты Әселхан Мұрадымоваға еңбектеген бала мен еңкейген кәрiге дейiн қаралуға, емделуге құштар. Тiптi, қашан барсаң да жүзiнен нұр төгiлген, жаны жайсаң жалпы тәжірибе дәрiгерінің көмегi даяр. Алдына келген науқасты аса бiр ықыласпен, бар ынтасымен, мұқият тексерiп қарайды. Қолы шипалы болғандықтан шығар, қаралған науқастар көбiне-көп дертiнен жазылып, зор алғыстарын айтып жатады. Ондайда «Мен өз жұмысымды, парызымды өтеудемiн, елден ерек жұмыс iстеп жүрмiн деп ойламаймын. Гиппократ антына адал болсам, халқыма аздап болса да көмегiм тиiп жатса, соған ризамын», – дейдi Әселхан.

Жас дәрігердің ауданға келіп, қызмет етуіне мұрындық болған – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Ақжайық ауданының Базаршолан ауылында дүниеге келіп, осында білім алған мектеп түлегіне ұстаздары үлкен үміт артатын. Қос бұрымы желкілдеген бойжеткен шағында-ақ адам жанының арашашысы боламын деген арман алға жетелейтін. Сол арманы алдамады да, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін жалпы медицина мамандығы бойынша оқып бітіреді. Қолда аңсаған диплом, жүрек атша тулағанымен, алдағы күндер тұманды көрiнетін. Сонда да болса, жас маман ел болашағының iргесiн жұртпен бiрге қалауға бiлек сыбана кiрiсуге даяр едi. Аспирантураға қалып, ғылым жолына түсуге де болатын еді, бірақ жiгерлi де табанды жас маман өзiнiң алған бiлiмiн iс жүзiнде қолдануға ықылас бiлдiрдi. Осылайша 2017 жылы Орал қаласына оралып, №5 емханаға жұмысқа орналасады.

Қалада жастарға қызық болып көрінгенімен, аяқ басқанының ақшаға тірелетіні анық. Қызметті енді бастаған жас маман  пәтер жалдайтын ақша қайдан бола қойсын, апасының үйін мекендеп, жұмысын бастап кетеді. Адам саулығы үшін екі жыл атқарған жұмысында жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ұжымында мақтауларға ие болады. Қалада iстеуге мүмкiндiк молынан болса да, ауылда туып өскен қыздың бүйрегі алтын тамыр - ауылға қарай бұра тартады. Әрі мемлекет те еңбегін ауылды өркендетуге арнаймын деген жастарды толық демеу көрсетуде. Құжаттарын тапсырған ол Ақжайық аудандық емханасына жолдамамен келеді. Мұндағы емхана басшылығы қуана қабылдап, жалпы тәжірибе дәрігерінің орнын ұсынады. Әрі тұрғын үй сатып алуға арналған жеңілдетілген несиені де  дер кезінде алып, қызметіне кірісті. Енді ақ халатты абзал жан деген атауға лайық жұмыс жасау керек.

Келгеніне бір жыл енді толатын Әселханның қызметіне әріптестері де, науқастар да дән риза. Ісіне адал маманға жас та болса,  күндізгі стационар бөлімінің жұмысын жүргізу жүктелген.

«Қазір қалалық жерде еңбек етуге құштар жастардың қарасы қалың ,тіпті шетел асып кетіп жататындары бар жалпы біздің елде. Ол да дұрыс дейік, ірі қалаларда еңбектенген де тәжірибе үшін жақсы мүмкіндік. Дегенмен қазір еңбегімді ауылға арнаймын деген жастарға көмек те қолдау да біздің елде молынан деп білемін өз басым. Жастарға дәл осындай қамқорлық  барда еш қорқудың жөні жоқ. Тек талмай еңбектенсең, жетеді. Біздің сала мамандарының атқарар жұмысының маңыздылығы мен міндеті өте орасан. Себебі адам денсаулығына араша болу үшін үлкен жауапкершілік керек. Маған ұдайы жақсы адамдар кездесiп, мамандығымды нық меңгеруiме көп көмектерiн тигiздi, қазiр де тигiзуде. Солардың арқасында көптеген науқасы ауыр жандарға қолдан келгенше көмектестік. Дерті асқынған адамдарды әупірімдеп облыс орталығына жеткізіп, өзге дәрігерлерге тағдырын тапсырған күннің өзінде ол үшін уайымдап боласың. Артынша жағдайы жақсарғанын естігенде, қуанасың. Осындайда мамандықты еш қателеспей, дұрыс таңдағанымды түсінемін. Өмір болғасын, бәрі де болады. Кейде қанша тырыссаң, адам өмірін құтқара алмайтын да кездер болады. Көзіңнің жасын науқастың туған-туыстарына көрсетпей, сүртіп алып, бар жігеріңді бойыңа жиып алып, қайта жұмысыңа кірісесің. Себебі сенің көмегіңе мұқтаж әлі талай жан бар», - деп ағынан жарылды жас дәрігер.

Адамның жемiстi жұмыс iстеуiне отбасы жағдайы да шешушi рөл атқаратыны белгiлi. Әселханның сүйiп қосылған жары осы Чапаев ауылының тумасы. Қазiр олар берекелi, ынтымағы жарасқан отбасы.

Еңбектенсең жемісі мол болатын бағытты бағдарламаның  көмегімен ауылға келгеніне түк өкінбейтін  Әселхан Берікқызы қазіргі жастарға өзін дамыту мен жетілдіру үшін барлық жағдай жасалғанын толық сезінді. Тек сол қамқорлыққа лайықты еңбек етіп, жауап қата білу керек. Бүгінгі кейіпкеріміз де өзін биік шыңға шығару жолында аянбай еңбек етуде.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале